Жезқазған қаласының әкімдігі үстіміздегі жылы қоғамдық көліктерді жаңарту бағдарламасын қабылдаған болатын. Осыған орай әкімдік «ULYTAU BUS» ЖШС тасымалдаушысымен бірлесіп «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы биыл қала ішіндегі бағыттарды 10 жаңа автобуспен толықтырды.
Бұл игілікті жоба келісім шарт аясында облыстық бюджеттен субсидиялық қаржы бөлу арқылы жүзеге асырылып отыр. Бұрынғы қоғамдық көліктерге қарағанда сыйымдылығы үлкен жаңа автобустар қала ішіндегі 5 және 6-бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдауда. Бұл автобустар Қарағанды облысының Саран қаласындағы «Qaz Tehna» ЖШС заводында құрастырылып шығарылған. Жергілікті өндірістің серіктесі – әлемдегі ең ірі атобус өндіретін Қытай республикасының Yutong компаниясы. Жалпы 56 адам сиятын, оның ішінде 29 адамға арналған орындығы бар қоғамдық көлікте жолаушыларға қолайлы жағдайдың барлығы ескерілген.
Алдағы уақытта жаңа автобустар қатары тағы да толықпақшы. Қала әкімі Қайрат Шайжановтың жұртшылыққа мәлімдеуі бойынша алдағы жылдың екінші жартыжылдығына дейін Жезқазғанның автобус паркі толықтай жаңартылатын болады.
Амандық РАХҰЛЫ.