Өндірісті өңірде «Қазақмыс» корпорациясының құрамындағы Жезқазған құю-механикалық заводының тірегіне айналған шойын құю цехының ашылып, алғаш өнім бергеніне биыл – 70 жыл. Корпорацияның нысандарына қажетті бөлшектер мен жабдықтар құюмен айналысатын заводтың құрылымында шойын құю цехының алар орны айрықша.
Осы цехтың қалыптасып, өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен цех еңбеккерлерін кәсіпорындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті құрметтеді. Жезқазған қаласындағы «Orda» мейрамханасында еңбек ардагерлері мен озаттарына дастарқан жайылды. Үздіктер марапатталды. Завод директоры Сәбит Хамзин құттықтау сөз алып, өндірісті өркендетудегі аға буын мен бүгінгі толқынға алғысын білдірді.
Сала ардагерлері мен үздіктеріне мерейтойға арналған мерекелік төсбелгілер табысталды. Мерейтойлық салтанатты марапатқа ие болғандардың қатарында Төлеубай Қыдыкенов, Нұрмұхамед Әжіғұлов, Болат Наурызбаев, Күлпаш Ескенова, Светлана Молдина, Бағира Әжіғұлова, Жұмакүл таңқыбаева, Манат Ерқоңырова, Галина Соболева, Любовь Филимонова, Бекмұханбет Әбілдин, Иван Кукарин, Нұрбала Махметова бар.
– «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік буынында ойып тұрып орын алған құю-механикалық заводының шойын құю цехы – нысанның жүрегі. Шойыннан бұйым құйған әрбір еңбеккердің осы цехқа еңбектері сіңді. Міне, 70 жылдық мерейтойына да куә болдық. Бізді ұмытпай, ұлықтаған завод директоры Сәбит Мыңбайұлына, «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Светлана Жылқыбайқызына алғысымыз шексіз, – деді жарты ғасыр ғұмырын осы заводқа арнаған ардагер Төлеубай Тоғайұлы.
Цех ұжымының үздіктеріне «Amanat» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ұлытау облыстық филиалы да құрмет көрсетті.

