Соғыс өртінің басылып, бейбітшілік таңының атқанына да биыл 79 жыл толып отыр. Бес жылға созылған кешегі қан кешу, қасап заманда қаншама боздақ туған жерден жырақта қалды. Қаншама ана баласынан, қаншама жар қосағынан, қаншама бала әкесінен айырылды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандардың өзінің соңғысын ақтық сапарға шығарып салғанымыз қашан…
Cоғыс басталған күннен қолына қару алып, қан майданда қан кешкен, жауды өз ұясында талқандап, Мәскеуде болған алғашқы Жеңіс шеруіне қатысқан жерлесіміз Мұханбет Баймановтың туғанына биыл 100 толып отыр. Соғыс салған тән жарасы мен жан жарасының салдарынан майдангер жетпіске қараған шағында өмірден озған еді. Көзі тірісінде ардагер ағамен сан мәрте кездесіп, оның майдан жолдары жайлы әңгімелескен едік. Жеңіс мерекесі қарсаңында сол естеліктерді тағы бір мәрте жаңғыртқанды жөн көрдік.
Мұхаң ақсақал қиындықтың қыспағына ерте түсіп, шындалып шыққан жан. Ел серіктестік болып құрылып, еңсесін енді-енді көтеріп жатқан шақта аяусыз ажал шаңырақтың тірегі Байман ақсақалды құрығына түсірді. Ол кезде Мұхаң 11 жаста еді. Өзге бауырларынан гөрі еті тірілеу болған соң бар шаруа қамы көбіне бала Мұхаңның мойнына ілінетін. Есейіп ақылы кіре бастады десек те, буыны қатып, бұғанасы бекімеген жеткіншекке ұзақты күн шаруа күйттеу оңай емес-тін. Бұл кезде Қарсақбайдың Білеутісінде де жаңарудың нышаны байқалып жатқан қауырт шақ еді. 1935 жылы Білеутідегі 15 түтіннен түратын серіктестікке жер бөліп беріліп, шаруа жайы бұрынғыдан да күрделенді. Оның сыртында тары егу, оны шығыр айналдырып суару, торғайдан қору сияқты қым-қуат жұмысы және бар.
Шығыр айналдырып, тары суару деген сол кезеңдегі аса жауапты жұмыстардың бірі еді. Оған негізінен іске мығым деген адамдарды қоятын. Мұхаңа да сондай жауапты жұмыс жүктеліп, қарауына 3 гектар тары алқабы бекітіліп берілді. Бозала таңнан іңір қараңғысына дейін осы алқапты суарады. Көмекшілері – шешесі мен ағасы. Шығыр айналдыратын екі өгізді кезек жегіп су тарту, оны атыз-атызбен алқапқа бөліп жіберіп отыру оңай іс емес. Кейде су басқа арнаға бұрылып кетіп, оны жанталасып жүріп жабады. Кейде шығыр тартатын өгізді айдап жүрген адам ұйықтап қалып су келмей қалады. Жүгіріп шығырдың басына барып, оны оятып әбігерге түседі.
Балалық шағы осылай сүреңсіз тірлікпен сырғып өтіп жатты…
Соғыс! «Керман деген жауыз елімізге соғыс ашыпты». Төбе құйқаңды шымырлатар осындай сөздер жел кеулеген өрттей өрлеп ауыл-ауылды жайлап кетті. Жүрттың еңсесі түскен. Қабақтары қатулы. Бір-бірімен ашылып сөйлеспейді де. Бәрінің күткені «енді не болар екен?» деген үрей ғана.
Көп ұзамай ауданнан өкіл шығып ел-елді жағалап жиналыстар өткізді. Жұртты жігерлендіріп, «Біздің ісіміз ақ. Біз жеңеміз!» деген ұранды сөзбен елдің еңсесін көтеріп бақты. Жастары жеткен азаматтарды тізімге алып, аудандық әскери комиссариатқа аттандыру да дереу ұйымдастырылды. Ол кезде Мұханбет 16-дан 17-ге қараған еді. Жасы жетпегендіктен ауылда қалып, тылда еңбек етті. Алайда, әскери комиссариатқа барып қылқылдаумен болды. Ақыры 1942 жылдың мамыр айында қолына шақырту кағазы тиді-ау.
Ақмолада 3 ай дайындықтан өткен оларды Новосибирск қаласында танкіге қарсы қолданылатын қаруды атуды оқытып үйретті. Сөйтіп, желтоқсанның 16-сы күні Украин майданының 114-арнаулы батальонының құрамында Харьков облысының Чугой қаласының түбінде алғаш ұрысқа кірді. Мұханбет Байманов соғыс дегеннің қандай қасірет екенін сонда түңғыш рет көзімен көрді. Айнала астаң-кестең. Аспан қайсы, жер қайсы айырып болмайсың. Жаңбырша жауған оқ пен жарылған снарядтың дауысынан құлақ тұнады.
Ә дегенде Мұхаңдар алғы шептен орын алды. Өйткені жау танкілерін алға бастырмай, кейінгі жаяу әскерге жол ашу осы батальонның міндетінде еді. Қарсы беттен қарша жауған оқ пен снаряд бас көтертпейді. Бірақ бұйрықтың аты бұйрық. Бірде-бір жау танкісі алға баспауы керек.
… 1943 жылы барлық майдандарда жаппай шабуыл басталды ғой. Жанұшыра шегіне бастаған жау бұрынғыдан да қорқау еді. Әр адым жер үшін табан тіресіп тұруға тырысатын. Сондай бір кескілескен ұрыс сол жылдың мамыр айында болды. Жау танкілерін үсті-үстіне төгіп жатыр. Бір сәт артиллериямен атқылап алады. Содан кейін артынан жаяу әскерлерін шұбатқан танкілер шабуылға шығады. Осындай бір қызу ұрыс кезінде тақау жарылған снаряд Мұханбеттің оң жамбасын ойсыратып кетті. Жер бауырлап жеткен санитарлар оны майдан даласынан алып шығып, алғашқы көмек көрсетті де далалық госпиталға жөнелтті. Осы жарде Мұхаң 4 ай дәрігерлердің қарауында болып, жазылып шықты.
Госпиталдан кейін комиссияға өз батальонына баруға өтініш жазып еді, ондағылар үзілді-кесілді қарсы болып, қайыра жасақталып жатқан бөлімге сапер қылып жіберді. Осылайша ол алғы шепте жау миналарын тазартып, соңында келе жатқан бөлімдерге жол ашып жүрді. «Сапер бір-ақ рет қателеседі» деген тәмсіл бар емес пе. Қаншама рет тапсырма орындауға шықса да жаны мұрынының ұшына келетін. Өмірі осылай қыл ұшында жүріп ол Балтық жағалауы елдерін жаудан азат етуге қатысты. Жалпы, Мұхаңның майдан жолдарының бәрі кескілескен ұрыстар болған жерлерден өткен. Севастополь, Курск, Львов майдандарында Мұхаңның да ізі сайрап жатты.
Мұханбет Байманов үшін жауышерлік жорықтар мен алғы шептегі шайқастар 1944 жылдың 14 қазанында ойламаған жерден аяқталды. Жоғары әскери штабтың ұйғарымымен бір топ жауынгер офицерлер дайындайтын мектепке жіберілді. Солардың бірі жауынгер Мұханбет Байманов болатын. Жеңіс таңын да осы мектепте жүріп қарсы алды.
Ұлы Жеңіске орай әскери шеру өтетін болды. Осыған оңтайлы деген әскери бөлімдер мен бөлімшелер іріктеле бастады. Мұхаңдар оқитын офицерлер мектебі де сол тізімге ілікті. Алғашқы Ұлы Жеңіс шеруі 24 маусым күні болды. Сол шерудің ортасында жауынгер Мұханбет Байманов та адымдай басып өткен еді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.