Биылғы жылдың басты оқиғасы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы екені баршамызға аян. ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімімен «Жеңістің 80 жылдығы нацизмге қарсы күрестегі бейбітшілік пен бірлік жылы» деп жарияланды.
Жеңіске жеткізген ардагер әкелерді көрдік, әңгімелерін естіп өстік. Оларды мақтан еттік, өкінішке орай ардагерлеріміз жыл сайын азайып, саусақпен санарлықтай болып барады. Елімізде соғыс өрті шарпымаған әулет жоқ. Қан майданға аттанған қазақстандықтардың жартысы елге оралмады.
«Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Галина Федоровна Кредина өзінің майдангер әкесі туралы толғана еске алады. Әскери борышын өтеп жүрген 19 жасар Федор Сергеевич Жмыров Ұлы Отан соғысын Белорусь жерінде қарсы алады. Майдан даласында қауіпті де, жауапты сапёрлық міндетін атқарып жүріп ауыр жараланады, контузияға ұшырайды. Соғыстан алған жарақатынан Қазақстан госпитальдерінде жатып емделеді. Жарақатына байланысты әскер қатарынан босатылады.
Бас қолбасшы И. В. Сталиннің Кеңес халқына құтықтау сөзі басылған Ұлы Жеңістің жаршысы болған «Правда» газетінің 10 мамыр 1945 жылғы басылымы сол әскери емдеу мекемесінде қолына тиеді. Ұлы Отан соғысының көптеген орден-медальдарының иегері Фёдор ақсақал Қазақстанның дәм-тұзы бұйырып Ақмола облысында үйленіп балалы-шағалы болады.
1953 жылы Жезқазған өңіріне қоныс аударып Батыс Жезқазған кенішінде еңбек етеді. Қызы Галина Федоровна мен басқа қыздары да «Қазақмыс» корпорациясы саласында еңбек етіп зейнетке шыққан жандар. Жасы сексенді алқымдаса да Галина апай қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің бюро мүшесі. Көздің қарашығындай 80 жыл сақталып келген, осынау қымбат Жеңіс жәдігері болған «Правда» газетін Галина Федоровна Қ. И. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайына табыс етті.
Жәми Тұрсынбаев,
«Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің мүшесі.