Қазіргі таңда елімізде халықтың, соның ішінде жастардың діни сауаттылығы мен танымдық тәрбиесін арттыру маңызды екені көптеп айтылуда. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты екені айқын. Сондықтан, жастардың заманға сай діни білім деңгейін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сала. Ал жастар болса, коғамның негізгі қозғаушы күші. Жастардың дінге деген көзқарасы, түсінігі тәрбиеден бастау алады. Қазірде ислам атын жамылып, халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады. Себебі, жат ағым өкілдері таратқан түрлі ақпараттардан дәстүрлі діни сенім мен ұлттық салт-санамызға мүлдем кереғар көзқарас ұстанушылары көбейе бастады. Осылайша дәстүрлі дін мен ағымның арасын ажырата алмаған жастарымыз жалған ағымның жетегіне еріп кетуде.
Діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды қатарларына кіргізу үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетеді. Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дініне күмән тудырып, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды. Сондай-ақ, бұндай топтағы азаматтар отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін бағаламайды әрі мемлекеттік рәміздерді, жергілікті биліктің шығарған заңдарына бағынбайды және мойындамайды.
Жастар – кез-келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Алайда жастық желігі басылмаған, оң-солын әлі дұрыс танып білмеген болашақ буынның санасы уланғаннан кейін теріс бағыттағы ұйымдардың өз мақсаттарын қандай амал-айла арқылы жүзеге асырып жатқаны жайлы біле бермейді. Өкініштісі сол, түрлі діни ағым кесірінен айрандай ұйып отырған отбасылар ойрандалып, бейбіт заманда ата-ана ұл-қызынан, жақындарынан айырылып жатыр.
Зайырлы мемлекетіміздегі дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Сондықтан да жастарды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Осы тұрғыда дәстүрлі тәрбие мен рухани тәрбиені сабақтастыра отырып, кемелді, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін жұмыстар ұдайы атқарылуы керек.
Дастан Сақан,
Дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі.