«Қазақмыс» корпорациясы өзінің өндірістік нысандары орналасқан аймақтардағы білім ошақтарының жастарын арнайы кәсіпке бейімдеу мақсатында түрлі байқаулар өткізіп келеді.
Біздің өңірде тау-кен саласына мамандар даярлау ісінде озық технологиялар арқылы білім беруді жолға қойған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС технологиялық колледжінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында слесарьлық іс мамандығы бойынша «Қазақмыс» корпорациясы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ұлытау облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен «Jonior Skills Kazakhmys – 2025» байқауы өтті.
Аталмыш байқауға «қазақмыс» корпорациясының технологиялық колледжінің, Сәтбаев индустриалдық колледжінің, тау-кен және металлургия колледжінің студенттері мен Әлкей Марғұлан атындағы мектептің оқушылары қатысты.
Теориялық және практикалық кезеңдерде бақ сынаған студенттер мен оқушылар берілген тапсырманы талапқа сай орындауға тырысты. Арнайы құрылған комиссия әрбір қатысушының мамандыққа сай теориялық білімі мен іскерлік дағдысына жіті көңіл бөлді.
Байқау қорытындысында І орынды Айбек Әуезхан жеңіп алды. ІІ орынды Сұлтанбек Жайлаубек еншіледі. ІІІ орын Батырлан Жақыптың еншісіне бұйырды.