Қарағанды қаласында 11 – 12 сәуірде киокушинкай-кан каратэден Қазақстан Республикасының Кубогы өтті. Бұл додаға Ұлытау облысының бір топ жас каратэшілері қатысып, бақ сынады.
Он сегіз спортшы топ жарып, Жапонияның Токио қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама ұтып алды. «Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясы» Ұлытау облысы бойынша басшысы Қуатбек Тоқтыбаевтың айтуынша, республикалық кубокта 9 спортшы 1-орынды жеңіп алса, тағы тоғызы күміспен күптелген.
– Ел кубогына арналған жарыстың алғашқы күнінде 12 – 15 жас аралығындағы жасөспрімдер күш сынасты. Екінші күні 16 – 17 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер шеберліктерін көрсетті. Біздің облыс тарихында спорттың бұл түрінен 18 жүлдегер Әлем чемпионатына жолдама алуы алғаш рет деуге болады. Жалпы командалық есепте, 1-орынды Астана қаласы алса, 2-орында 9 алтынмен Ұлытау облысының командасы жеңіс тұғырынан көрінді.
Жарыс жолына шыңдап қосқан спортшыларымыздың қатарынан суырылып алға шыққан 18 үздік енді қараша айында Жапонияның Токио қаласында өтетін Әлем чемпионатында күш сынайды.
Киокушинкай-кан каратэден болашақта Әлем чемпионын шығару Ұлытау облысы жаттықтырушыларының басты міндеті саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту бастамасына қолдау ретінде біз де үлес қосудамыз, – деді Қуатбек Жұмабекұлы.
Ұлытау облысының намысын спорттық додада асқақтатқан жас спортшыларымызға Токио төрінде өтетін әлемдік бәсекеде сәттілік тілейміз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.