Жезқазған қаласында халықаралық Отбасы күніне орай ерекше кездесу өтті. «Отбасы – ұлттың тірегі» атты тәрбиелік шараға өнегелі аналар мен әжелер қатысып, жастарға ақыл-кеңестерін берді.
Шараға қатысушылар ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасындағы тәрбиенің мәні жайында ой бөлісті. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Шүкір Молдағалиева ата-ананың рөлі мен бала тәрбиесіне тоқталды. «Мерейлі отбасы – 2024» байқауының жеңімпазы Ақжарқын Токишеваның отбасы арнайы шақырылды. Ол бала тәрбиесі отбасындағы ең басты жауапкершілік екенін атап өтті.
Тәрбие тақырыбы терең қозғалған жиында жастар тарапынан да сұрақтар қойылып, пікірлер ортаға салынды. Берекелі отбасы – баянды болашақтың кепілі. Ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы қоғамның рухани негізін нығайтуға болады. Осындай тағылымы мол кездесулер – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпір.