Ұлытау облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау шаралары жалғасып жатыр. Жезді кентінде 3 жаңа үйдің құрылысы басталды. Айта кетейік, су тасқыны кезінде Жездідегі 10 үйді су шайды. Ізінше сол үйлерден және жақын аумақтағы баспаналардан бас-аяғы 26 отбасы эвакуацияланған еді.
Тасқын кезінде үйін су шайып, 4 баламен үкімет берген уақытша баспанада тұрып келе жатқан кент тұрғыны Нұрлан Байманов жақында қоныс тойын тойлайтын болдым, тілегіміз ескерілді деп қуануда.
Сәтбаев көшесінің бойына әрқайсысы 80 шаршы метр болатын үш үй салынады. Іргетасын құю үшін қазу жұмыстары жүргізілуде. Үйлер салынатын аумаққа инженерлік желілер тартылған.
Жезді кентінің әкімі Мұратбек Жұмабектің айтуынша, бюджет қаражаты есебінен әр үйге 22 млн. теңгеден бөлініп, құрылыс жұмыстарын «ҚазМыс Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Шілде-тамыз айларында үйлерді толық тапсыру көзделуде.
Мемлекет тарапынан барлық су кірген үйдің тұрғынына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік төлем аударылды.Шығын болған тұрмыстық техникалар және жиһаздар мен қажетті заттар демеушілер қолдауымен сатып алынды. 7 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін баспана иелеріне бағалау нәтижесіне сай қаражаттарды есепшоттарға аудару жұмыстары басталды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.