Қанаттас қоныстанған қос қала мен Жезді және Қарсақбай кентіндегі көшеге, бірнеше мектеп пен музейге, күн жүйесіндегі Марс пен Юпитер арасында айналып жүретін кіші ғаламшарға, сақина сипатындағы ірі тау-кен құрылымына, кекіре мен бөртегүлдің жаңа сұрыпына Қаныш Сәтбаевтың есімі берілген.
«Сатпаевит» минералы бар. Жезқазғандағы Металлург алаңын аескерткіші, Сәтбаевтағы даңғылға маңғаз кейіптегі еңселі мүсіні қойылған. Никольский қаласы 1990 жылғы 13 қыркүйектен «Сәтбаев» деп аталады.
Жаңарған жатын бөлме
«Қазақмыс» корпорациясының тарихи-өндірістік музейі 1997 жылы тамызда «Жезқазғантүстімет» ғылыми-өндірістік бірлестігінің Қ.Сәтбаеватындағы мұражайы мен Жезқазған кентіндегі Н. Валукинский атындағы геология-минералогия музейінің базасында құрылып, «мұражай-көрме кешені» деп аталды. Келесі жылы қаңтарда салтанатты жағдайда ашылды.
Кеңейтілген әрі қоры Қаныш Имантайұлының жеке мүлкімен, академик пен оның қызметтестері туралы құжат және материалмен молыққан мұражай-көрме кешеніне 2008 жылы 18 қыркүйекте академик есімі беріліп, атауы «Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей» болып өзгерді.
Тарихи-өндірістік музей қойылған жәдігерлер сипатына қарай бір-бірінен ерекшеленетін үш залдан тұрады. Қазір ондағы экспозицияның жалпы аумағы 460 шаршы метр аумақтыалып жатыр. Әсіресе, ондағы минерал қоры келген адамның назарын еріксіз өзіне аударады. Сөреге қойылған әр таста Қанышқа қатысты сыр тұнып тұрғандай!
Музейдің бір залы басыбайлы Қаныш Имантайұлының отбасы тұтынған жиһаз коллекциясына (стол, орындық, жылжымалы дөңгелек стол, арқалы орындық, комод, диван, шынылы асадал, кереует, шарайна) берілген. Ондағы жатын бөлмеге көз салмай өту мүмкін емес. Академиктің жарты ғасырлық мерейтойында әріптестері сыйға тартқан жиһазды қызы Мейіз әкесінің 110 жылдығында музейге тапсырыпты. Сол жылы қайта өңдеуден өткізіліпті.
Мұнда Қанышқа қатысты жәдігер жеткілікті. Оның жұмыс столы мен 50 жылдығында жезқазғандықг еологтар сыйлаған жез самауыр да көрнекті жерге қойылған.
Қос уыс топырақ және аспан әлемі
Алғашқы академиктің 80 жылдығы тойланған жылы оқушыларға есігін айқара ашып, жаңа ғасырдың табалдырығын «Қ. Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицей» мәртебесімен аттаған мектепте 1989 жылдан бері Сәтбаев мұражайы жұмыс істейді. Ол атауы-ақ көп жайды аңғартатын 10 тақырыптық бөлімнен тұрады: «Баянауыл баурайында», «Арманға қанат қаққан жылдар», «Қазыналы Қарсақбайдың Қанышы», «Ер ырысын молайтқан бірге жүріп…», «Ғылым шыңында», «Еңбегін елі бағалады», «Мәңгілік жолды жалғастырушылар», «Сәтбаев ұрпақтары», «Сәтбаев білім әлемінде», «Жезқазған – Қазақстанның інжу-маржаны».
Шыны сауыттағы қос уыс топырақ.
Музейге Қаныштың костюмі, кесесі, планшеті, домбырасы, көзілдірігі, Алматыдағы Қ. Сәтбаевтың мемориалдық музейінен арнайы тікұшақпен әкелінген минерал коллекциясы қойылған. Ұлы ғалымның ұрпағынан Мейіз, Ханиса мен Шәмшиябану, кенші, Еңбек Ері Ғ. Омаров, сәтбаевтанушы М. Сәрсеке, ғарышкер Т. Әубәкіров, ақын К.Салықов, Олимпиада чемпионы Б. Жұмаділов пен Е. Ыбырайымов, тағы бірқатар танымал тұлға қонақ болып, қолтаңба қалдырған.
Жылда Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орай «Қаныш жолы» атты газет пен оқушылардың жауқазын жырының «Қанышж ауһарлары» жинағын шығару, «Сәтбаев оқуларын», «Сәтбаев кубогі» спартакиадасын, «Сәтбаев халықаралық олимпиадасының» аймақтық кезеңін өткізу дәстүрге айналған. «Сәтбаевтану» және «Сәтбаевтану ағылшын тілінде» вариативтік курсы бар.
Баянауыл баурайындағы «Теңдік» ауылында 2000 жылы жаңа мектеп ашылғанда №7 мектеп-лицейден арнайы делегация барды. Қаныштың кіндік қаны тамған жерден сол сапарда алып қайтқан қос уыс топырақ шыны сауытқа салынып, музейге қойылған. Астраном Н. Черных ашып, Сәтбаевтың есімі берілген кіші ғаламшардың сызба-бейнесі көптің көңілінен шыққан жәдігер қатарында. Қос уыс топырақ пен аспан әлемінің арасында беймәлім байланыс бардай ерекше әсер қалдырады…
Әлібек ӘБДІРАШ,
ҚазақстанныңҚұрметтіжурналисі.
Суреттердітүсірген автор.
ҚАРСАҚБАЙ – ЖЕЗҚАЗҒАН.