Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Бұл Ассамблеяның басым бағыттарының бірі ана мен баланы қорғау, жергілікті жерлерде «Аналар кеңесі» ҚБ-нің жұмысына қолдау көрсету болып табылады.
Жасыратыны жоқ, бүгінде отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырап, тағдырдың тауқыметін тартып жүрген ана мен баланың қатары көбейді. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды.
Мемлекет басшысының қабылдаған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын көрсетеді.
2022 жылдан бері жұмыс атқарып жатқан Жезқазған қаласындағы дағдарыс орталығы зәбір көрген, түрлі қиын жағдайға тап болған аналарға пана болып отыр. Кәмеш Әбжамелова басшылық жасайтын орталық арнайы комиссияның шешімімен ана мен баланы 6 ай бойы қамқорлығына алады.
Жақында осындағы аналарға Жезқазған қалалық әкімдігі жанындағы «Аналар кеңесі» ҚБ өкілдері арнайы барды. Зейнет жасына жетіп, немере-шөбере көріп отырған ардақты әжелеріміз орталықты пана тұтып келген қыздарына ақыл-кеңестерін айтып, моральдық тұрғыда қолдау білдірді.
Кеңес төрағасы Қаниса Тайгөзова бастаған ақ жаулықты аналар тағдырдың сынағына ұшырағандарға үнемі қолдау көрсетіп келеді.
– Орталық бүгінде көп ана мен баланың ортақ шаңырағына айналды. Бұл әрине, өкінішті жағдай. Біздің «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігіндегі аналар тағдыр қауқыметін тартқан қыздарымыз бен сіңлілерімізге қолдау білдіруді парыз санап, арнайы келіп тұрамыз. Кеңеске 57 ана мүше. Олардың қатарында ардагерлер, көп балалы аналар бар. Ақ жаулығын кір шалмаған аналарымыздың қолдауы мен ақыл-кеңесі, жылылығы мен мейірімі қазір осындай жағдайдағы нәзік жандарға керек. Сондықтан біз орталықтағы аналар мен балаларды назарымыздан тыс қалдырмаймыз, – деді төраға.
Дағдарыс орталығының басшысы Кәмеш Әбжамелованы сөзге тартқанымызда, бүгінгі күні мұнда 2 ана балаларымен тұрып жатқанын айтты.
– Орталыққа екі ана балаларымен келген. Біреуінде 3 бала, екіншісінде 4 бала бар. Олармен 4 әлеуметтік қызметкер, психолог, заңгер жұмыс істейді. Тұрақты жұмысы бар аналар орталыққа келгенде жұмыстарын жалғастыра береді. Балаларды бос уақытында дамыту орталықтарына апарып, серуендетеміз. Орталық жұмысына «Қамқор Астана» қоғамдық бірлестігі демеушілік жасайды. Қиын жағдайға тап болған ана мен балаға пана болып отырған орталыққа арнайы кең ғимарат бөлу жағы өзекті болып тұр. Осындағы қамкөңіл қыз-келіншектерге демеу болып отыратын «Аналар кеңесі» ҚБ алғысымды білдіремін , – деді Кәмеш Шәкәрманқызы.
Аналарымыз қашанда ақ жаулықты кие тұтқан. Орталыққа келген әз аналар мұндағы қыздары мен сіңлілеріне, орталық қызметкерлеріне ырымдап ақ жаулық жауып, баталарын берді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.