Сұлтанның Қандыағаш қаласына қашып келіп, мал базарында қасапшылықпен айналысып жатқанына бірер айдың жүзі болған. Исатайдың өзін іздеп табары анық еді.
Оған берер жауабын да ойластырып қойған. Ол білсін, оңай шағыла қалатын жаңғақ емес екенін! Әріберіден соң ол ата-анасының, ағасының, өзінің талай жылғы маңдай терінің өтемақысын қайтарсын! Исатайға солай талап қоймақ.
… Сұлтан үш жігіт қоқиланып мал сою цехына кіріп келгенде-ақ олардың Исатай жіберген жігіттер екенін бірден аңғарған. Жүздері таныс. Оларды Исатайдың жанынан талай көрген. Олар да мұны жазбай таныды. Қасына жақындап келді де, шомбал қарасы:
– Сен Сұлтансың ба? – деген амандықсаулық жоқ бірден өктем сөйлей.
– Немене, мені ұруға келдіңдер ме? Исатай ма сендерді жіберген? Неғып звондамай келдіңдер? – деген Сұлтан қолын мал союдан алмай.
– Әй, көп сөзді қой. Сыртқа жүр, сөйлесіп қайтасың, – деген әлгі жігіт.
Сұлтан да бірден оларға жығыла кетпей, ырық бере қоймайтынын аңғарта дәл қазір өзінің қолы бос емесін айтқан. Бірақ анау:
– Әй, Сұлтан, сенімен ырғасып тұратын біздің уақытымыз жоқ. Таста андағыңды. Жүр, есік алдына шығып сөйлесейік! – деген өзіне жақындай түсіп. «Керек болса, үшеуміз күштеп шығарамыз!» – дегендей шырай таныта.
Олар сыртқа шығысымен-ақ бірден қоқан-лоққы әрекетке кірісті. Алдымен Сұлтанның ұялы телефонын тартып алды. Сосын екі жігіт екі жағынан ұстап, есік алдында тұрған жеңіл көлікке қарай алып жүрді. Машина рөлінде және біреуі отыр екен. Сұлтан мына төрт жігітке бірдей қарсылық көрсете алмасын білді, олардың ырқына көнбеске шарасы да қалмаған. Екі жігіт екі жағынан ұстаған қалпы жеңіл көліктің артқы орындығына әкеп отырғызды. Шомбал қара жүргізушінің жанына жайғасты да: «Кеттік», – деп тіл қатты.
Қаланың сыртқа шығар жолының бойында тұрған жеңіл көлік қара түсті «Тойота Камри» Исатайдікі екенін Сұлтан бірден білді. Бұлар келіп соның артына тұра қалды. Алдағы машинадан шыққан Исатайдың ең жақын жолдасы Искандер артқы орындыққа төртінші боп отырып жатып:
– Мирханның артынан жүр, – деген. Сұлтан «Мирхан» деген Исатайдың лақап аты екенін бұрыннан білетін.
«Камри» Басшилі ауылына қарай бет алып, бес-алты шақырым жүріп келді де оңға бұрылып, дала жолымен едәуір жер жүріп барып тоқтады. Бұлар мінген машина да сол жерге келіп тұра қалды. Аналар Сұлтанды күштей желкесінен тұғырта ұстап, талтайып тұрған Исатайдың алдына әкеліп тізе бүктірген. Сол-ақ екен «попал ты» деп жақтан қолымен оңдырмай салып қалды да қасындағыларға:
– Жүк салғышымнан трубаларды алып келіңдер, – деген.
Біреуі скотчпен Сұлтанның аузын орауға кірісті. Сөйткен біреуі ұзындығы шамамен бір метрдей болатын екі темір трубаны алып келді. Сұлтанды ұстап тұрғандар оны аяқтарын алға создыра күштеп жерге отырғызды. Исатай сол мезет:
– Ал, ұрыңдар тізеден, – деп әмір берді. Бір-біріне қарама-қарсы тұра қалған екеу темір трубамен аяқтарының жілігі тұсынан аяусыз соққылай бастады. Аузы байлаулы болғандықтан Сұлтан ауыр соққыдан аяқтары қаншалықты жанына бата ауырса да еш дыбыс шығара алмаған. Шарасыз күй кешкен. Исатайға бірауыз қарсы сөз айта алмай қор болды.
Сұлтан оны жете білмей келіпті. Ол барып тұрған жауыздың өзі екен. Кәдімгі киноларда көретін сотқарлардың атаманы болар ма. Темір кентіндегі «Исатай» атты кафесі, шаруа қожалығы, өзге де коммерциялық құрылымдары бар кәсіпкер ғана емес, жанына жиналған басбұзарлар тобының басшысы тәрізді. Өзіне зорлық-зомбылық көрсетілген екі-үш сағат ішінде Сұлтанның соған көзі жете түсті.
Тізеге ұрған ауыр соққылардан кейін жүрмек түгілі орнынан тұра алмай қалған Сұлтанды жеңіл көліктің артқы орындығына көтеріп әкеліп отырғызған. Жүргізушінің жанындағы орынға жайғасқан Исатай ұялы телефонымен сөйлесе бастады. Сөз саптауларына қарағанда ішкі істер органдарында сыбайластары бар тәрізді. Біреулер:
– РОВД-дан Самат звондап жатыр. Орман жақта екі машина менттер тұр. Олай-бұлай өткен машиналардың бәрін тоқтатып, тексеріп жатыр, – деп хабарласа, енді біреулер:
– Қандыағашқа сендер жақтағы кіреберісте МАИ қызметкерлері тұр, – деп ескертіп жатты.
Исатай әлден уақытта ұстайтын жерінде жұлдызшасы бар қара түсті тапаншасын Сұлтанға кезеп:
– Егер жолда менттер тоқтата қалса, дыбысыңды шығармайсың. Егер бірдеңе деп міңгірлейтін болсаң, айтпады деме, атамын да тастаймын. Бұл сені құр қорқытқаным емес, шындап ескерткенім. Органға арызданамын деуші болма, оның құр әурешілдік. Айтпады деме, оныңнан түк шықпайды! Сосын саған айтар сөз қысқа: сен сатып жіберген малдарымның құны алты миллион теңгені бір айдың көлемінде әкеліп қолыма ұстатасың! Сөздің тоқетері осы! – деген Исатай ұр да жық кейіппен.
Манағы төрт жігітті қалдырды да, өз машинасымен қаланы бетке алып кетіп қалды.
Екі аяғында да жан жоқ тәрізді. Қолымен шалбарының сыртынан сипалап көріп еді, қан ағып тұр екен. Сұлтан қасындағыларға өзін ауруханаға апаруын өтінді. Олар Исатайға телефон шалып, оның өтінішін айтты. Оның тікелей нұсқауымен болса керек, қалаға кірмей бірден түнделете Мұғалжар аудандық ауруханаға апарды. Екеуі Сұлтанды тік көтеріп, ешкімнің көзіне түспестен ішке кіргізді де тастап кетті.
Сұлтанның ауруханадағы ұйқысыз түндері өтіп жатты. Жанына батқаны аяқ жарақатынан бұрын Исатайдан көрген қорлығы болды. Оның: «Алты миллион теңгені бір айдың көлемінде әкеліп қолыма ұстатасың!» деп зілдене айтқан үні құлағынан кетер емес.
… Былтыр болатын. Жаздың жайма шуақ бір күні еді. Астында – «Нивасы». «Атакәсіп» шаруа қожалығының меңгерушісі Сұлтан аудан орталығы Темір кентіне бара жатып, жолай Жазираның жайлауда отырған ата-анасының үйіне соққан. Ондағы ойы: «Қыз дипломын алып, ендігі үйіне келген болар. Құтты болсын айтайын».
Жазира Сұлтанды жайдары қарсы алды. Бүгін ғана келген екен. Үйінің жанында екі-үш машина тұр. Үйі толы қонақтар тәрізді. Сұлтан абыр-сабыр той үстіне дәл келіпті. Диплом алуымен құттықтайын деп әдейі келгенін айтқанда қыз қуанып қалды. Асығыс екенін, кейін тағы соғатынын айтқан. «Мектепте оқу басталғанша екі айдай үйде боламын. Соғып тұр», – деген Жазира іштарта.
Сұлтанға қыз бұрынғыдан да ажарлана түскендей болып көрінді. Жұмарлана түскен тұла бойы жігіттің іңкәрлігін оятқан. Қыздың өзін іштарта қараған жанары жігіттің есіл-дертін баурап алған. Сұлтан сонда барып оны қатты сағынғанын ұққан. Құштарлық сезім байыз таптырар емес. Араға екі-үш күн салып барып және екі рет келген. Екі келісінде де жолы болып, қыз үйінде жалғыз болғаны. Еркін отырып сөйлесіп, мәз-мейрам болысты. Ыңғайын келтіріп, құшақтады. Жігіт қызды құшып-сүйіп, сонау өздерінің балаң кездердегі бір-біріне деген ынтызарлық сезімдерін қайта оятқан.
Сұлтан мен Жазира ата-аналары малшы болғандықтан мектепті Темір кентіндегі интернатта жатып оқыды. Қыз жігіттен бір сынып төмен оқыған. Сұлтан оныншы, Жазира тоғызыншыны оқып жүргендерінде қыз-жігіт болып тіл табысқан. Балауса сезім құшағында бақытқа бөленген.
Сұлтан Қандыағаш құрылыс техникумында оқып жүрген көктемде әскер қатарына алынды да, арадағы байланыс сол жылдарда үзілген. Жігіт әскери борышын өтеп келгенінде алғашқы жылы оқуға түсе алмаған Жазира келесі жылы Ақтөбедегі пединститутқа студент болып қабылданғанын естіген. Сұлтанның қызды іздеп Ақтөбеге баруының сәті түспеген. Әрі… Жазира мен Исатай арасындағы махаббат туралы естігеннен соң… қызды қайта мазалауды артық санаған да, бұрынғының бәрін өткен іс деген де қойған… студент қызға әрі өзін тең санамаған… мені ұмытты деп ойлаған…
Сөйтсе қатты қателесіпті. Өзіне деген қыз көңілі сол баяғы қалпы екенін аңғарғанда бойын шаттық кернеген. Жекеменшік кафесі бар табыскер пысық Исатай тұрғанда қыз мұны қайтсін деп ойлағаны да бекер екен. Сұлтанның Исатай меншігіндегі шаруа қожалығының меңгерушісі болып жалданып жүргенін естігенде Жазира:
– Исатай деген жігітті суқаным сүймейді. Меніңше ол мақтаншақ, өркөкірек жан. Өзі қарап жүрмей, мені айналдырып алдым деп мақтана әңгіме таратыпты. Қалай жының келмесін! Сұлтан, оның қарамағында жұмыс істегеніңді қаламаймын, – деген еді бір кездесуде. Оның осы сөзінен кейін-ақ іштей күдігі тараған.
Сөздің қысқасы, Сұлтан мен Жазираның көңілдері жарасқан. Жігіт қызға үйленейік деп сөз салды. Жазира кет әрі емес екенін сездіре:
– Сұлтан, сен ренжімесең, қырқына шыдағанда, қырық біріне де шыдашы. Ата-анам мені оқытты емес пе, енді сол дипломның жемісін бір жыл татырсам деймін.
Олар осылайша келер жазда қосылуға сөз байласқан.
Содан бастап Сұлтаннан маза кетті. Үйлену тойын өткізетін қаржы қайда? Басында баспана ол жоқ. Темір кентіндегі аядай екі бөлмелі пәтерінде ата-анасы тұрып жатыр. Әкесі Исатайдың қожалығында он бес жыл малшы болды. Осыдан екі жыл бұрын ол жұмыстан бас тартқан. Денсаулығын сылтауратқаны болмаса, шын мәнінде Исатайға өкпелі. Ол еңбекақысын толық төлемей, «Темірден нағашыма арнап жерүй салып жатырмын», – деп алдаусыратып келіп, ақырында салып біткен ол үйді өзге біреуге сатып жібергеніне ренжулі. Сұлтан әкесіне «үйді даулайық, сотқа жүгінейік» деген. Әкесі: «Туыс адамдар ғой, қайтесің. Ана ағаң да соның шаруа қожалығында жұмыс істеп, бала-шағасын асырап отыр. Өзіңді де шаруа қожалығына меңгерушісі етіп қойғаны ол, біле-білсең, бізді нағашы тұтып, іштартқаны ғой! – деп баласына басу айтқан.
Сондағы бар төлейтіні – айына 50 мың, ағасының еңбекақысы да сол шамалас… қазір бұл айлық па?! Осыны ойлай келіп, бір іске мықтап бекіген. Исатайға айтқанымен одан еш қайыр болмасы белгілі. Ең құрығанда, ананың салып беремін деген үйінің құнын шығаруы керек. Сосын «өз малдарым» деп жар салып, жарты жыл көлемінде жабағысы, байталы, биесі бар – бас-аяғы оншақты бас жылқыны сатып жіберді де, бар ақшаны депозитке апарып, салып тастаған.
Наурыз туысымен Исатайға айтпастан жұмысын тастап, Қандыағаш қаласынан бір-ақ шыққан. Ойы – жаз шыға Ақтөбеге барып, құрылысқа жұмысқа тұру. Енді көрмейсің бе, екі жіліншегінің де сынған тұстары асқынып, кемтар болып қалмаса екен…
Ағасы ауруханаға үшінші күні алып-ұшып жетті. Болған жайтты естіп-біліпті. Исатайдың сәлемін ала келіпті. Ағасы Сұлтанға:
– «Мал ашуы – жан ашуы» деген. Жиен ештеңеден тайынатын емес. Сенің қанша жылқысын сатқаныңды, кімге қаншаға бергеніңді, кім арқылы өткізгеніңді – бәрін-бәрін бес саусағындай біліп отыр. Ол өзіне айтқан сол малымның құнын бір айда жақсылықпен қайтарсын деп сәлем айтты саған. Бәлесінен аулақ, ақшасын беріп құтыл, – деген ағасы.
Келесі күні әкесі келді. Қасында кезінде судья ма, адвокат болып па қызмет істеген, бүгінде зейнеткер сыйлас кісісін ерте келіпті. Ол бүге-шігесіне дейін ежіктей сұрап, болған жайттың бәріне қаныққан соң ақыл-кеңесін айтты.
– Заң тұрғысында қарағанда, саған жәбір көрсеткен топ ауыр қылмыс жасаған. Олар алдын-ала сөз байласқан. Бірнеше адам басқосып, жәбірленушінің денсаулығына қасақана әрі ауыр дәрежеде зиян келтіруді көздеген. Күштеп адам ұрлауға бағытталған қылмыстық ойларын жүзеге асырған. Сені автокөлікке күштеп мінгізіп алып кетуі жеке басыңның бостандығын шектеп, адам ұрлауға бағытталған әрекет болып табылады. Егер сен оларды сотқа берсең, олар жасаған бұл қылмысы үшін бірнеше жыл арқалары сөзсіз. Бұл жерде сенің жәбірленуші екенің айдан анық. Ал біреудің малын сатып жібергеніңе келсек, ол жерде жәбірленуші кім? Мәселе сонда. Сен айтасың, «әкеме де, ағама да, маған да еңбекақыны толық төлемеді» деп. Оны қалай дәлелдемексің? Араларыңда жасалған жазбаша келісімшарт жоқ. «Исатай әкеме тұрғынүй салып беремін деген уәдесінде тұрмады» дейсің. Оны жазбаша міндетіне алмаған соң ол да дәлелсіз. Сосын «әкелі-балалы біз Исатайдың малын бағып, өсіре отырып, 147 бас жылқыға, 47 бас ірі қараға жеткіздік», – дейсің, «біз мал санын осыншамаға жеткіздік, мен сатқан жылқы біздің үлесіміз» дейсің, оған дәлелің кәне? Оны дәлелдей алмасаң, сенің әрекетің өзіңе сеніп тапсырылған бөтеннің малын пайдакүнемдікпен ірі мөлшерде иемденіп алу немесе талан-таражға салу болып табылмақ…
Нұргүл ЕСЕНЖОЛҚЫЗЫ,
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.