Қарағанды құю-машина жасау зауыты өңірдегі қуатты кәсіпорындардың бірі де бірегейі саналады. 84 жылдық тарихы бар өндіріс ошағы заманауи технологиялардың арқасында 5 мыңнан аса тауар түрін өндіреді. Ал, мұндағы еңбеккерлердің басым көпшілігін жастар құрайды. Өндірістік үдерістің тілін меңгерген жастардың ішінде Азамат Бегімбетовтің еңбекқорлығы көпке үлгі.
Ол «Қазтұтыну» одағы Қарағанды университетін кеден ісі бойынша тәмамдаған. 2016 жылы Қарағанды экономикалық университетінде құқықтану мамандығы бойынша магистратурасының, Қарағанды техникалық университетінің машина құрылысы факультетінің дипломын алды. «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен білім алған Азамат зауытта 2016 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол әуелі сапаны бақылау бөлімінде бақылаушы болды. Басшылық оның еңбекке деген қабілетін байқап, механикалық құрастыру өндірісі цехына мастер ретінде тағайындады. 2022 жылдан бері қарай Азамат аға шебер.
– Қарағанды құю-машина жасау зауытына жоғары оқу орнынан соң бірден келдім. Менің білім алуыма жағдай жасаған «Қазақмыс» корпорациясы болды. Өндірістік бағытта білім алып, сол салада еңбек етуге ынталы жастарды қолдаған корпорация басшылығының сенімін ақтауға тиістімін. Менің міндетіме өндірістік үдерісті жоспарлау және ұйымдастыру жатады. Сонымен қатар, еңбеккерлердің жұмыс орнындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету де құзырымда. Біздің зауыттың ауқымы кең. Ондағы технологияларды меңгеру үшін үнемі ізденіс керек, – дейді Азамат.
Атқарған әрбір шаруасына аса мұқият Азамат ұжымында сыйлы. Отбасында ардақты әке. Жұмыстан тыс уақытта спортпен шұғылданады. Ол футболды және грэпплингті серік еткен. Азамат болашақта басшылық құрамда зауыттың өркендеуіне үлес қоссам деген ниетте. Осы бағытта ол жаңа әдістер арқылы зауыттың әлеуетін көтеруді көздейтін жобаларды игеру жолында ізденуде. Халқымызда «Ізденген жетер мұратқа» деген сөз бар. Азамат Бегімбетовтің ізденісі алдына қойған мақсатына жетуіне септігін тигізері сөзсіз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.