Жезқазған мыс қорыту зауыты – жарты ғасырдан аса туған жердің пайдалы қазбасынан шыққан сары мысты несібеге жаратуда тарихы берік қалыптасқан аймақтағы ірі өндіріс ошағы. Ондағы негізгі төрт цехтың қатарында мысты электролиздеу цехының атқарар қызметі айрықша. Екі құрылымнан тұратын цехтың катодшылар бөлімі мен матрицалық дайындау телімінің ұжымы түсті металлургия саласына сүбелі үлес қосуда.
Нұрсұлтан Оспанов басшылық жасайтын цех балқыту цехының анод бөлімшесінен келетін анодты тазалап, оны арнайы ванналарда пісіру әдісі арқылы катод мысын дайындайтын цехтың жұмысы іркіліссіз жүреді. Бірінен соң бірі жүзеге асырылатын өндірістік үдерістерде тоқтау жоқ. Әсіресе матрицалық дайындау телімінің жұмысы қызу. Аға шебер Венера Құрмашова мұндағы әрбір атқарылатын жұмысты жіті қадағалап, қауіпсіз еңбек ету қағидаттарына сай өнім өндіруді бақылайды.
Венера Сахатайқызын сөзге тартқанымызда:
– Ұжымда 68 адам еңбек етуде. Телім негізінен матрицалық қаңылтырларды тазалап, катодшыларға дайындап береді. Әрбір қаңылтырдың сапалы өнімге айналуы үшін өндірістік технологияға сай жұмыс жүргізіледі. Одан кейінгі шаруалар сулы ертінділерді электролиздеушілердің еншісінде. Мен өзімнің береке-бірлігі жарасқан ұжымымен мақтанамын. Өзіммен қатар еңбек етіп жүрген Гүлбақыт Қойшығарина, Ақмарал Идирова, Марал Иманғалиева, Алтынай Жекебатырова сынды қайсар қыздардың табандылығы мен шеберлігі, еңбектегі ептілігі сүйсіндіреді. Қазір жастар келіп жатыр. Оларға осы салада жинаған тәжірибемізді бөлісуге, бағыт-бағдар беруге ынталымыз. Өзіміз де мықтылардыңмектебіненөттік. Мені осы кәсіпкебаулыған Мұрат Тұрғанбеков болатын, – дейді Венера Сахатайқызы.
Венера Құрмашова
Венера Құрмашова – Талдықорғанның тумасы. Бұл қасиетті де құт қонған мекенге 1990 жылы табан тіреген. Алып шаһар Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын металлург мамандығы бойынша тәмамдаған Венера Сахатайқызы әуелгі еңбек жолын құю-механикалық зауытында технолог болып бастады. Мыс қорыту зауытына 1999 жылы келді. Мысты электролиздеу цехына жұмысқа қабылданып, гидрометаллург, кейіннен купоростық шлам телімінде шебер болды. Еңбек жолында сатылай өскен Венера Құрмашева 2008 жылдан бері осы бөлімшенің аға шебері.
Венера Сахатайқызының арқа сүйер азаматы да металлургияның майталманы. Ибрагимхалил Дүйсенбаев балқыту цехында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді. Өндіріс ошағының озаты. Ұлдары Жасұлан мен Мұханбетрахым өндірістен алшақ кеткен жоқ. Бүгінде екеуі де кенші, Венера Құрмашованың салаға қосқан еңбегі бағаланып, 2012 жылы үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Сулы ертінділермен катодты мысты өсіру әдісін жетік меңгерген мысты электролиздеуші Расим Хикматуллиннің түсті металлургия саласындағы еңбек өтілі қырық жылдан асады. Ақырын жүріп, анық басқан Расим Милимухамедович осы жылдар ішінде талай жас маманға тәлімгер болды.
Расим Хикматуллин
– Осы цехқа алғашында аспалы кран машинисі болып тұрдым. Бір жылға жетер, жетпес уақытта әскер қатарына алындым. Екі жылдан соң цехқа қайта келдім. Біршама уақыт жұмы сістеп сол кезде даңқы дүрілдеп тұрған «Қазмысқұрылыс» тресінекеттім. Тоқсаныншы жылдың тоқырауында жабылған соң осында қайта оралуға тура келді. 1995 жылдан бері сулы ертінділерді электролиздеушімін. Келер жылы – зейнет жасы. Соған дін-аман жетіп, бейнетімнің зейнетін көрсем деймін. Төрт звено бар. Әрқайсында өз кәсібін меңгерген қыз-жігіттер топтасқан. Осы кезге дейін көп жастарды тәрбиеледім. Солардың қазіргі бет алысын көріп, іштей қуанымын, – дейді саланың саңлағы.
Цехқа келген өнімнің катодты мысқа айналуына дейінгі аралықта оны тазалап, негізгі өлшемдерге сай қалыптау үдерісі жүзеге асатын матрицалық дайындау телімінде 1993 жылдан бері еңбек етіп жүрген Бақтияр Фазылов – өндіріс озаты. Ол 2021 жылы салаға қосқан үлесі үшін үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған.
Білікті катодшы бүгінде майталмандардың сапында. 30 жылғы еңбек өтілінде ол талай жасқа тәлімгер болды.
– Анодтан катод айырудың да кезең-кезеңмен жүзеге асатын үдерістері бар. Оны электролиздеуге дейін біз тазартамыз. 4-5 келінің шамасындағы қаңылтырлар кейін арнайы ванналарға жөнелтіледі. Бригадамызда сайдың тасындай іріктелген жігіттер еңбек етуде. Әлішер Жұбанышов, Досым Сәдуақасов, Алмаз Баймұханов шыңдалған шеберлер. Қатарымызға қосылған жас маман Азат Қанатовтан күтер үміт мол. Кезінде осы цехқа келгенде мені кәсібімнің қыр-сырына баулыған Алмат Күлдібаевтың еңбегін еш ұмытпаймын, – дейді Бақтияр Бапанұлы.
Бақтияр Фазылов
Суыл ертінділерді электролиздеуші Бәкір Дүйсеков купоростық бөлімде 1994 жылдан бері еңбек етіп келеді. 29 жылдық тәжірибесі бар маман 2012 жылдан бері бригада жетекшісі. Қарамағындағы 17 адамның шаруасының шалт кетпей, берілген нормаға сай жұмыс жасауына жетекшілік жасайтын БәкірҚияқұлы бригадасын байыптылықпен басқарып келеді.
– Мына көріп тұрған ванналарда катодты қаңылтырлар өсіріліп, құрамындағы қосалқы элементтер тұнады. Әрбір катодты қаңылтыр 4-5 тәулік осында ертіндіде тұрады. Біз солардың катодты мысқа айналып шығу үдерісін жүзеге асырамыз. Бастапқыда матрицалық үлгіде 4-5 келі болатын кескіндемелер 4-5 күнде 70-80 келі өнімге айналады. Бұл ретте біздің бригадамыздың жігіттері өздеріне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді. Бригадамдағы Елдос Мизамбаев, Еламан Әлиев ұжымның мақтаныштары. Өзімнің тәлімімнен өткен Руслан Садық қазір аға шебер, – дейді Бәкір Қияқұлы.
Бәкір Дүйсеков
Алып цехтың ішінде бірнеше мамандық иелері топтасқан. Матрицалық дайындау телімінде қаңылтырларды тазалаушы кәсібін меңгергендердің қатарында нәзікжандардың қатары басым. Катодқа дейінгі қаңылтырларды бірқалыпта кесіп, өлшемге сай дайындау арнайы құрылғыда жүзеге асады. Ал оның тетігінқыз-келіншектер мықты меңгерген. Солардың бірі – Жанна Жекенбаева. Ол бұл ұжымда 2004 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Жаңылған Төлемістің мектебінде шыңдалған Жанна Науқанбеуқызы ерлермен қатар ер төгіп, еңбекте ептілігін танытып жүр.
– Қай жұмыстың болсын өз ауырлығы мен жауапкершілігі бар. Соны түсіне білгенде ғана өз ісіңде табысты боласың. Өзіммен қатар еңбек етіп жүрген Мақпал Молдабаева, Гүлзира Әлкенбаева, Алуа Алтайбекова тәжірибесі толысқан мамандар, – дейді Жанна Жекенбаева.
Жанна Жекенбаева
Кен өндірісінен металлургияға бет алған ТалғатТоқтауылов 2007 жылдан бері осы цехта сулыертінділерді электролиздеуші болып еңбек етуде. Талғат Рахымжанұлы еңбек жолын 1998 жылы бұрынғы Солтүстік Жезқазған кенішінің механикалық бөлімінде бастаған.
Түсті металлургия саласына келгелі Талғат Тоқтауылов еңбекқорлығы мен өз ісіне деген жауапкершілікті ту ете білгендігінің арқасында табысқа кенеліп келеді.
Талғат Тоқтауылов
– «Адамды адам еткен – еңбек» десек, өз ісіңде кәсібіңе адалдық болуы керек. Жүрдім, бардым жасалған жұмыс өмірің үшін қауіпті әрі абырой бермейді. Бұл мен осында алғаш келгенде тәлімгерлерімнің айтқан ақылдары еді. Міне, сол ақыл-кеңеспен алға қарай ұмтылып келеміз. Бізге дейін де аға толқын зауыттың өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Енді біз сол істі жалғастырудамыз. Бізден кейінгі буынның да қадамы жаман емес. Бір звенода еңбек етіп жүрген Нұрсұлтан Әскеров, Еламан Шамбулов, Марғұлан Манасбаев бригадамыздың табысты болуына өзінді күлес қосуда. Тәлімгерлікпен баулыған Әсет Әуезов, Асылхан Әбдуахит сынды шәкірттерім де үмітімді ақтап келеді. Бригадиріміз Кенжебек Нұрбалаев шағын топқа біліктілікпен жетекшілік етуде, – дейді Талғат Тоқтауылов.
Толайым табысты бірлікпен ұштастырған мысты электролиздеу цехының ұжымы биылғы жылдың 4 айында межелі міндеттерді еңсерді. Қауіпсіздік саясатын басты қағида етіп ұстанған ұжым жыл соңын дейін сапалы өнім өндіру көрсеткішін бәсеңдетпеуге мүдделі.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.