Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы жасалғаны белгілі. Өңір экономикасын әртараптандыру мен тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тарапынан тиісті қолдау тауып, сала басшыларына нақты тапсырма берілді.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру көзделген бес жылда жеті бағытта 247 іс-шара орындалады. Ұзын-ырғасы 1 трлн. 197 млрд. теңге қаржы игеріледі. Міне, осының шамамен 710,3 млрд. теңгесі (60%) жекеменшік инвестиция болады деп күтілуде. Таяуда кәсіпкерлерімен кездескен өңір басшысы Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ Ұлытау облысының жаңа инвестициялық мүмкіндігін тілге тиек етіп, оларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Өңір басшысы Кешенді жоспарда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді тетік – агроөнеркәсіптік кешен жобаларына айрықша көңіл бөлінгенін баса айтты. Ауыл шаруашылығы саласында экономикалық тұрғыдан тиімді көкөніс, майлы және жем-шөп дақылын өсіруге қаржы құюдың, мал семіртетін алаң, сүт-тауар фермасын, ет өңдейтін бекет, асыл тұқымды мал басын арттыру арқылы саланы дамытуға бағытталған бірлескен кәсіпорын құрудың әлеуетті инвесторлар үшін мол мүмкіндігі бар.
Жаңа облыстың құрылуы баспана салуға да тың серпін тудырып отыр. Бірақ, болашақта біздегі құрылыс индустриясы нарық сұранысын толық қанағаттандыра алмайтыны қазірдің өзінде байқалуда. Демек, құрылыс материалдары өндірісін өркендету инвестицияға мол мүмкіндік екені көрініп тұр. Өйткені, олар тұрғын үй тұрғызуға ғана емес, Кешенді жоспар аясында бюджеттік қаражат есебінен жүзеге асырылатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым жобаларына да қахет.
Өңірдің тиімді географиялық орналасуы оған транзиттік қуатын арттыруға айтарлықтай артықшылық береді. Айталық, «халықаралық» деген мәртебесі бар «Жезқазған» әуежайы одан әрі дамиды. 2022-2025 жылдары жасанды ұшу-қону алаңы мен әуежай ғимаратын жеке инвестиция есебінен қайта құру көзделуде. Шымкент, Өскемен, Балқашпен әуе қатынасын орнату мәселесі қарастырылуда. «Жезқазган-Бейнеу» теміржолының пайдалануға берілуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
Автокөлік жолы желісі де инвестициялық тартымдылыққа талғажау болар түрі бар. Амандық болса, бес жылдың бедерінде жергілікті маңызы бар – 356, қалаішілік және кентішілік 118 шақырым жол жөнделеді. «Қызылорда-Жезқазған» автожолын жаңғыртудың жолы осы жолы болатын-ақ шығар?!» деп, ел алақанын ысқылап отыр. Қазір 208 шақырымдық жоба өзгертілуде. 510 шақырымның жобалық-сметалық құжаты жасалып жатқан «Жезқазған-Қарағанды» телімі тағы бар. Бұған «Жезқазған-Петрапавловск» автожолы бойында жөнделетін 90 шақырымдық «Ұлытау-Арқалық» телімін қосып қойыңыз.
Кезінде Қаныш бабамыздың бармақтай балғасының басы тиген жердің қойнауы табиғи байлықтан кенде деп бүгінде ешкім айта алмайды. Мәселе соның қорын безбендеп, береке-ырыстың қайнар көзіне айналдыра білуде. Облыста туристік индустрияны өркендетуге ұмтылыс тағы тұр. Дала өркениетіндегі көшпенділер мәдениетінің орталығы қарт Ұлытаудың баурайы тарихи-этнографиялық және экологиялық туризмді дамытуға таптырмайтын талай тамаша ресурсқа тұнып тұрған жоқ па? Адымды аштырмай отырғаны – әлеуетті инвесторын күткен туристік инфрақұрылым кемшіндігі.
Кез келген инвестиция – экономикалық дамудың қозғаушы күші, ғылыми-техникалық жетістікті енгізіп, инфрақұрылымды дамытудың маңызды факторы. Оның үстіне инвестормен жұмыс істеу – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленген Ұлттық жобаны, басқа да мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудағы басты міндеттің бірі. Осы орайда Ұлытау облысының әлеуеті зор. Аймақ экономикасында инвестиция үлесі жыл сайын орта есеппен 7% артып келеді. Былтыр оның көлемі 166 млрд. теңге болса, биыл бұл көрсеткішті 184 млрд. теңгеге (өсім – 11%) жеткізу көзделіп отыр.
Облыста «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылды. Оның қызметінің басты бағыты – өңір экономикасында өзіндік орны бар шағын және орта бизнес субъектілерінің пайда әкелетін, ұзақ мерзімге негізделген тауарлар шығаруын жолға қойып, жүйелі әрі тиімді нарықтық қатынас қалыптастыру. Инвесторларға ақпараттық, кеңес беру және талдау қызметін көрсету, олардың өтінішіне орай маркетингтік, заңдық және қаржылық зерттеу жүргізу, кездескен кедергі мен қиындықты талдау, соған сәйкес шығатын жолын қарастыру да осы құрылымның құзырына жатады.
Сондай-ақ, аймақта облыс кәсіпкерлерінің кеңесі жұмыс істей бастады. Оның негізгі міндеті – кәсіпкерліктің жаңа инвестициялық мүмкіндігін анықтау, бизнестің проблемлемалық мәселелерін талқылау-талдау арқылы тиісті шаралар қолдану. Қазір Жезқазған қаласында индустриальдық аймақ құруға қатысты жұмыс жүргізілуде. Онда өміршең жобаларды жүзеге асыру аймақта металлургиялық өндіріспен байланысты ғылымды қажет ететін жаңа технологияны игеруге, сыртқа өткізетін өнім шығаратын жаңа өндіріс қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жергілікті билік пен инвестор арасындағы ынтымақтастық екі жаққа да пайдалы серіктестік негізінде құрылатыны құпия емес. Әсіресе, ортақ мақсатқа қомақты қаражат қосатын жергілікті кәсіпкер қалтадан қағылмауға тиіс. Олар бірлескен жобаларды жүзеге асыруда сенімді іскер серіктес болады деген сенім бар.
Әлібек ӘБДІРАШ.