Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ел экономикасын қайта жаңғырту, өңірлердегі өндірістік қуатты арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелерін басым бағыт ретінде атап өткен еді. Мемлекет басшысының осы стратегиялық тапсырмалары бүгінде елдің түрлі аймақтарында жүйелі жүзеге асып келеді. Соның жарқын дәлелі – Сәтбаев қаласында республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың құрылуы.
Бұл бастама тек бір қаланың игілігі емес, бүкіл Ұлытау өңірінің жаңа даму траекториясын айқындайтын маңызды жоба ретінде қарастырылуда. Жолдауда экономиканы әртараптандыру және технологиялық жаңғыру – ұлттық дамудың алғышарты екені баса айтылды. Осы бағытта Сәтбаев қаласында 2025 жылы құрылысы басталған индустриялық аймақ – өңір экономикасын бір бағытқа тәуелділіктен арылтып, жаңа кәсіпорындар легін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аймақтың жалпы аумағы – 12 гектар. Басқарушы компания міндетін «Ұлытау ӘКК» АҚ атқарады. Бұл – жобаның институционалды деңгейде жүйелі жүргізілетінін көрсетеді.
Жобаның негізгі мақсаты – қаланың өндірістік әлеуетін арттыру, жоғары тиімді жаңа өндірістерді орналастыру, инвесторларға қолайлы инфрақұрылым ұсыну, жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту.
Президент өз Жолдауында: «Инфрақұрылымы дайын алаңдар –инвестиция тартудың басты кепілі», – деген болатын. Осы талапқа сай Сәтбаев қаласында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның толық кешені әзірленуде. Қала әкімдігі индустриялық аймаққа арналған 3 жобалық-сметалық құжат дайындады. Оның екеуіне мерзім өтуіне байланысты түзету енгізілуде. Ал «Сәтбаев қаласындағы индустриялық парктің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу» жобасы бойынша мемлекеттік конкурс өткізілді. Нәтижесінде «НАЗ» ЖШС жеңімпаз болып, жалпы құны 802,4 млн теңгені құрайтын келісімшарт жасалды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қарашасында басталды. 2026 жылдың маусымында аяқталады деп жоспарланған.
Құрылыс жұмыстары аясында төмендегідей инфрақұрылымдық желілердің тізбесі қарастырылған: 35 кВ электр желісі – 483 метр, 35/6 кВ қосалқы станция, 1727,8 метр су құбыры, 1352,4 мметр кәріз желісі, 482 метр жылу желісі. Бұл – кез келген өндіріс орнын ашуға жеткілікті базалық инфрақұрылым.
Жоба толық іске асқанда индустриялық аймақ төмендегі көрсеткіштермен қамтамасыз етіледі – электр қуаты 2,9 МВт, кернеуі
35 кВ дейін, сумен жабдықтау тәулігіне 57,8 текше метр, жылумен жабдықтау сағатына 2,8 Гкал, кәріз жүйесі тәулігіне 96 текше метр, кірме автожолдар 145 және 151 метр, теміржол тұйығы: ұзындығы 1,7 шақырым, бір уақытта 5 вагон қабылдайды. Әсіресе теміржол тұйығы – өндіріс орындары үшін логистикалық тұрғыдан үлкен артықшылық.
Бұл индустриялық аймақтың толық іске қосылуы өңірде жаңа кәсіпорындар ашылуына, өнеркәсіптің бірнеше жаңа бағытын дамытуға, шетелдік және отандық инвесторлар тартуға, қаланың жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға, қаланың моноқала ретіндегі тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді. Әкімдіктегі жауапты тұлғалардың айтуынша қазірдің өзінде индустриялық паркке қызығушылық танытып отырған шет елдік және отандық кәсіпкерлер бар көрінеді. Әкімдік олармен келіссөздер жүргізіп, парктің қуаты мен мүмкіндіктері жайлы мағлұматтар беруде.
Экономиканы әртараптандыру – Президент Жолдауындағы басты талаптың бірі. Бұл жоба дәл осы стратегиялық міндетті өңірлік деңгейде жүзеге асырады. Сәтбаев қаласының қолайлы географиялық орналасуы, инфрақұрылымы бар дайын өндірістік алаңы және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау – индустриялық жобалардың келешегін айтарлықтай кеңейтеді. Мемлекет басшысының «Өңірлердің даму потенциалын толық ашу – ел экономикасын күшейтеді» деген тұжырымын басшылыққа ала отырып, Ұлытау облысы Қазақстанның жаңа индустриялық картасындағы маңызды нүктеге айналып келеді. Сәтбаев қаласында республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың құрылуы – Президент Жолдауында белгіленген индустрияландыру саясатының өңірлік деңгейдегі нақты жүзеге асуы. Бұл тек жаңа өндіріс орындары мен инвестиция ағыны ғана емес, қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер, өңір үшін тұрақты даму, ал ел үшін – экономикалық жаңғырудың берік қадамы.
Ізтай Белгібайұлы.






