Елімізде қара мыс өндірісінің қарашаңырағы саналатын Қарсақбай кентіндегі металлургиялық зауыт «Қазақмыс» корпорациясының қамқорлығымен жұмысын жалғастырып келеді. 19 қазанда осы зауытта қара мыстың алынғанына 96 жыл толады.
Өндіріс тарихының куәсі іспетті бұл зауыт Жезқазған, сәтбаев қалаларындағы «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарына қажетті бөлшектер дайындайды. Аталған кәсіпорынның цехтарын қыста жылыту мақсатында биыл корпорацияның демеушілігімен гидродинамикалық жылытқыш орнатылды. Аталған жабдық зауыттың құю -механикалық цехына жылу беріп тұр. Қарсақбай металлургиялық зауыты директорының орынбасары Смағзам Нұрмағанбетовтің айтуынша, бұл жылытқыш поршеньнің қозғалысы арқылы цехқа қажетті мөлшердегі жылуды беруге қуатты.
– Бұл германиялық құрылғыларды қолдану арқылы қарағандылық маман Валерий Кучиннің ойлап құрастырған қондырғысы. Орнатылғанына 10 күндей болып қалды. Цехтағы жұмысшылардың жайлы жағдайда еңбек етуіне қолдау білдірген «Қазақмыс» корпорациясы басшылығына алғысымызды білдіреміз. Шағын жабдыққа қатты шығын да кетпейді, үнемді, – деді Смағзам Нұрмағанбетов.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.