Ұлы түрік ойшылы Жүсіп Баласағұн айтқан екен: «Әдемі сөйлеген кісінің ісі де әйбат», – деп. Осы бір ұлағатты сөз дәл Мөрлібекке айтылғандай болып көрінеді маған. Ол отырған жердің сәні еді. Әзіл-қалжыңды майын тамыза айтқанда күле-күле екі жағымыз қарысып қалатын. Тілі майда, жұрттың бәрін іштарта сөйлейтін. Майда тілімен, жұмсақ үнімен баурап алатыны сонша, жаңа жүздесіп отырған адамдарының өзін сәлден соң-ақ етенеден араласып-құраласып жүргендей-ақ жақыны етіп алатын.
Сөйлеу дегеннен шығады, мен кезінде жиі айтушы едім:– Мен қағаз шимайлағаным болмаса, сөз сөйлеу білмеймін. Оған Мөрлібек кінәлі. Мөрлібекпен егіз қозыдай жұбымыз жазылмай бірге ойнайтынбыз, бірге жүретінбіз. Мектепке барғанша, мектептен үйге келгенше ол сөйлейтін. Қайта мен мылқау болып қалмаппын, – дейтінмін әзілдеп.
Есейген соң да жұбымыз жазылған жоқ. Ол алпысқа жасы жетпей бұл өмірден аттанды. Ажал бізді ажыратты. Өзімді жалғыз қалғандай сезіндім. Тіпті қоңылтақсып қалдым. Көпке дейін жолдас-жоралардың басқосуының өзі тым көңілсіз боп қалды. Ашық-жарқын әңгіме айтып отыратын Мөкеңнің жоқтығы жанымызға батты.Ортамыз ойсырап қалды. Отырыстың мәні кетіп, көпке дейін көңілсіздіктен арыла алмай жүрдім. Оны айтасың, бір-бірімізбен араласып-құраласып жүруімізге ұйытқы болып жүретін Мөкең екен, ол жоқта басқосуларымыз сирексіді. Мен жалғыз қалғандай сезінгенім тап шыным…
Онымен қатар жүрген күндердің бәрі есте. Ұмытылмақ емес. «Жақсының аты өшпейді» деген ып-рас екен. Мөкең еске алулардан кенде қалған жоқ. Кезінде өзі ұйымдастыруға ұйытқы болған «Ұлытау үні» дәстүрлі фестивалінің аясында алқалы жиын да өтті. Мөкеңнің еңбегін, адамгершілік тұлғасын қаламгерлер Ибрагим Бекмаханов, Батырбек Мырзабеков, Абдолла Дастанов жергілікті газеттерге төгілте жазды. Сол қаламды ұстап жүргендердің бірі болсам да, Мөкең туралы мақала жазуға тартыншақтай бердім. Өйткені біреулердің «Досы болған соң көпіртіп мақтай береді» деген сөзінен қаштым. Міне, енді, оным бекер болғанын ұғынып, өзім жете білетін досым туралы мен жазбағанда кім жазбақ деген ойға келіп отырмын.
Мөкеңді кезінде-ақ халқы қадірлей білді. Оған менің ол 50 жас мерейтойын атап өткен кезде айқын көзім жетті. Ол кеш осыдан тура жиырма жыл бұрын өткен еді. Жезқазған театрының іші келгендерге лық толды. Сөз кезегін сұрап алып, ақ тілегін ақтарыла айтқандар көп болды. Және назар аударарлығы, Мөкеңнің мерейтойына алыстан ат арылтып келген қонақтардың көп болғандығы. Соның бірі кезінде Жезқазған облысының әкімі болған, сол уақытта республиканың Көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағмановтың құттықтауын алып келген сол министрліктің баспасөз хатшысы Қайырбек Сәдуақасов сахнаға көтеріліп:
– Менің таң қалатыным, Мөрлібек Жұмабекұлының есімін кім қойса да қалай тауып қойған. Мөкең тек қолында мөрі бар басшы болып қана жұмыс істейді. Басатын мөрі қандай анық болса, ұйымдастырушылық қабілеті де сондай жарқын, – дегенде салтанатты кешке жиналғандар тауып айтылған сөзге дуылдата қол соққаны есімізде.
Айтып отырмыз ғой, жан-жақтан арнайы келген атақты кісілер, үлкен лауазым иелері көп болды. Бұл кезде Мөкең Жезқазған облысы әкімінің орынбасары емес, облыс болса тарап кеткен. Ал ол сол кезде қалалық баспахананың басшысы болатын. Кішігірім ғана мекеменің басшысына осыншама құрмет көрсетіліп, жүрекжарды мақтау лебіздеріне бөленуі Мөкеңнің көпшілік сыйлайтын азамат екендігінің жарқын дәлелі болған еді.
Сол мерейтойда оқылған құттықтау лебіздің бірі:
“Қадірлі інім Мөрлібек! Сәкеннің отанында қазақтың рухани байлығын жасап жатқандардың бәрі – менің бауырым. Сондықтан Сен маған іні болмағанда кім боласың?! Оның үстіне, ел мәдениетін өзім араласқан жерде аспандатамын, абыройын арттырамын деп жүрген азамат әрқашан менің бауырым. Бұл жағынан да, Мөрлібек, менен қашып құтыла алмайсың! Өзім жетілгенше ауыл-аймағым көтерілсін деген жігіт те маған алыс ағайын емес. Сені жан-жақтан қаумалап, өзімнің ең жақын інім еткім келгенімді аңғарған шығарсың. Сарыарқа төсінде осындай бауырым барына қуаныштымын.
Елу – ердің жасы, елге еңбек етудің ең бір ұрымтал шағы, қырықтағы қырқылжыңнан мәндірек кезең. Барыңды да, жаныңды да осы тұста жақсылап бір қамшыласаң халық махаббатына бөленесің. Ер-азаматқа бұдан артық бақыттың қажеті шамалы. Әрқашан абыройлы болуыңа тілектес ағаң
Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ,
профессор».
Міне, асыл ағаның шын жүректен шыққан лебізі. Әдетте басшылардың құттықтауын қызметкерлері әзірлеп беретіні белгілі. Ал қаламгердің ақ тілегі өз қолымен жазылмақ. Бұл – нағыз шын жүректен ақтарылған тілек.
Және бір ыстық лебізді құттықтауды толық келтіре кеткім келіп отыр:
“Қадірлі Мөрлібек! Мерейтойың құтты болсын! Бұл бір сенің, бір әулеттің ғана тойы емес, баршаңыздың – бүкіл әулеттің қуанышы. Өйткені сен алашқа ортақ азаматсың. Жарты ғасырлық ғұмырыңда бұл шындықты ісіңмен, ел қамы дегенде жар құлағың жастыққа тимейтін тынымсыз тірлігіңмен дәлелдедің. Біз білетін Мөрлібек қашан да, қандай қиын жағдайда да елі мен жерінің қамын жеке басынан бұрынырақ ойлайтын, Отан үшін ойланбай отқа түсіп кете беретін азамат. Елімнің еңсесі биік болсын, тәуелсіз мемлекетімнің абыройы асып тұрсын деп от пен суға қатар түсіп жүрген сендей жанға қалай бас имессің, қалай құрметтемессің! Өзің аш жүрсең де алдыңдағы асыңды басқаның алдына қоятын мәрттігің, жайшылықта жайсаң да жұмсақ болып көрінгеніңмен елдік шаруаға келгенде қорқыныш, үрей дегенді ұмытып кететін өр мінезің бәрімізге қымбат. Сол себепті де сені біз ерекше құрметтейміз, қадір тұтамыз.
Сенің бойыңда нағыз қазаққа тән жақсы қасиет мол. Мұндай саналық мазмұн айналасына нұр шашып жүретін адамда ғана болады. Сол нұр сәулең әрқашан жүрегімізді жылытып тұрады. Дәл осы сөзді сені танитын барша қазақ айтады-ау деген сенім бар бізде. Өзің секілді мазмұны мейірімнен тұратын адамның тірлігіне бүкіл халық тілекші болды деп ойлаймыз.
Әрқашан абыройың асып, мерейің үстем болсын! Саған ұзақ өмір тілейміз! Бар бол, қадірлі бауыр!
Ізгі тілекпен:
Әкім ТАРАЗИ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Баққожа МҰҚАЙ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
«Парасат» журналының бас редакторы.
Есмухан ОБАЕВ, Халық артисі, М. Әуезов атындағы
драма театрының көркемдік жетекшісі».
Міне, елдің сөзін сөйлеп жүрген азаматтардың лебізі. Өнер адамдарының шалғайдағы жезқазғандыққа білдірген шынайы көңілі қандайлық салиқалы. Бұдан асқан мақтау болар ма! Иә, Мөкең осындай мақтауларға әбден лайықты азамат еді. Бұл құр мақтау емес. Азаматтың жарқын келбетін бағалағандық деп білеміз.
Сол 50 жасқа толған мерейтойына орай Мөкең «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталды. Жезқазған мәдениетіне бір кісідей-ақ оның еңбегі сіңді. Ұлытау ауданынан оралысымен Жезқазғанға жаңа қоныстанып жатқан Серке Қожамқұлов атындағы театрды басқарды. Одан кейін облыстық филармонияға жетекшілік етті. Өнер адамдары бір үйдің жалғызындай ерке келетіні белгілі ғой. Мөкең олармен тіл табыса білді. Оларға қамқорлық көрсетіп, оларды демеп, қолпаштай білді.
Осындай өнер ордаларына басшы бола жүріп, ұйымдастырушылық қабілетімен жете танылған Мөрлібек Жұмабекұлы облыстық мәдениет басқармасын басқаруға жоғарылатылды. Ол тек облыс көлеміндегі мәдени іс-шараларға ұйытқы болумен қатар республикалық деңгейдегі айтулы жиындардың өтілуіне лайықты үлес қосты. Оның шет жағасына өзім куәгер болған едім. Сол кездегі облыстың бірінші басшысы – облыстық Кеңестің төрағасы Шәріпбек Шардарбекұлы Шардарбековтің көмекшісі ретінде әлгі шаралардың өтілуінен хабардар болуыма тура келді.
Бәрінен бұрын ел Тәуелсіздігінің жарқын сипатын паш еткен Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайын айтсақшы. Бүкіл қазақ елі назар салған құрылтай ұлт ұясы Ұлытаудан бастау тапқан болатын. Қонақтарды бірінші болып жезқазғандықтар қарсы алды. Халық қуанышында шек жоқ. Сегіз шет елден ұшақпен келген жүзден астам қандастарымызды шаттана қарсы алған сәттегі көңіл-күйді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қонақтарды үйді-үйге бөліп, қонақасы беру, ән-күйге бөлеу, әрқайсына сый-кәде жасау, Ұлытауға апарып қыдырту тәрізді шараларды ұйымдастырудың басы-қасында Мөрлібек Жұмабекұлы болған еді. Облыстық Кеңестің төрағасы Шәріпбек Шардарбекұлының анау-мынау той-думанға бергісіз қуанышты күндердің ойдағыдай өтілуіне айрықша үлес қосқан Мөкеңе аса ризашылық білдіруі тап кешегідей есімде сақталып қалды. Оның іскерлік қабілеті осындай айтулы бұқаралық шаралар барысында танылды.
Айталық, Семей жерінде өткен ұлы ақын Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған алқалы жиын, сондай-ақ Қостанай қаласында атап өтілген Бейімбет Майлиннің және Ақмола қаласында ұйымдастырылған Сәкен Сейфуллиннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне орай өткізілген тойлар. Мөкең осы республикалық деңгейдегі мәдени шараларға жезқазғандық өнер иелерін бастап апарды. Осылайша Жезқазған облысының мәдениеті мен әдебиетінің өкілдері үлкен сахна мен кездесулерде танылды. Мөкең осы той-думандарда 50 жасқа толғанында шынайы құттықтауларын жолдаған әдебиет пен мәдениет қайраткерлерімен жете танысып-біліскен еді. Олар өз құттықтауларында «…жайшылықта жайсаң да жұмсақ болып көрінгеніңмен елдік шаруаға келгенде қорқыныш, үрей дегенді ұмытып кететін өр мінезің бәрімізге қымбат» деп тегіннен-тегін айтпаса керек.
Мөкең сыйлас жігіттердің үй-ішімізбен әдеттегі басқосуларында облысымызға жаңадан әкім болып келген Қажымұрат Нағмановты мәдениеттің нағыз жанашыры деп мақтап отыратын. Жезқазғандықтар Нағмановты қаланың жылу жүйесіндегі апатты кезінде танылған іскерлігін айтып, мақтайтыны белгілі. Ал оның өнер адамдарына деген жанашырлығы ерекше болғанын көпшілік біле бермес еді. Талант иесі Жақсыкелді Сейіловке, әнші Ғалым Мұхамединге кең пәтер алып берді, ақын Ғалым Жайлыбайға Алматыдан үй алуына көмектесуі ерлікке пара-пар елеулі істер болған. Облыс әкімінің Жезқазғанды театр Меккесіне айналдырғаны неге тұрады! Мөкеңнің сол кезде айтқан әңгімесінен Нағмановтың өнер ордаларына жасаған ауыз толтыра айтарлық қамқорлығын біліп жүрдік. Біз досымызды өзіне орынбасар етіп алғаны үшін де оны жақсы көре түскен едік. Мөкең алғашқы еңбек жолын ауылда комсомол ұйымының хатшысы, одан «Сарысу» кеңшарында «рабочком» болып бастап, облыс әкімінің орынбасарына дейінгі қызмет баспалдағымен көтерілді. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, адамгершілік тұлғасымен абырой-құрметке бөленді.
Мақаланың басында Мөкеңнің 50 жас мерейтойын еске түсірген едім. Мақаламның соңын сол мерейтойға арнап жазылған өлең-құттықтаумен түйіндегенді жөн көріп отырмын. Оның авторы ұлытаулық сөз зергері Мұқаш Сейітқазин болатын:
“Ер жасыңыз құтты болсын, Мөрлеке!
Тіршілікте жүріңізші төрлете.
Қалалықтар Сізді қалап жатады,
Ұнатады Сізді біздің ел де өте.
Жатқан жоқсыз құрметтен де құр қалып,
Өсер елге Сіздей керек тұлға анық.
Тақ та көріп, бақ та көріп жатырсыз,
Мінезіңіз сол баяғы бірқалып.
Жүріп өткен жолыңызда гүл қалсын,
Елуіңіз нұрлы күнмен нұрлансын.
….костюміне симай кісі болғандар,
Өзіңізден ұялмай-ақ үлгі алсын.
Азамат едік Таудың аршалы,
Баба таудың борандатар бар шағы.
… қала келіп, ауыл барсам басқа емес,
Сізді сұрап жатады елдің бар шалы.
Еншіңіз бар бөлінбеген елменен,
Сізді білмес ауылдасым кемде-кем.
Ер жасыңыз құтты болсын ендеше,
Мерейтойға шашу еттім мен де өлең!»
Иә, осы бір өлең шумақтары Мөрлібек Жұмабекұлының шынайы болмысын жеріне жеткізе айтып тұр. Мерейтой деген қандай жақсы, жайшылықта айтыла бермейтін жылы лебіз-тілектер ақтарылып қалар еді. Мөкеңнің 50 жас мерейтойы дүрілдеп өтті. Әттең, 60 жасына жетпей кетті… Ол ердің жасы Елуінде-ақ «ел ағасы» атанып үлгерген еді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.