Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Жер қойнауын пайдалану саласы, әсіресе геологиялық барлау мен жер қойнауын кешенді зерттеу тұрғысынан жаңа серпінге мұқтаж. Ұлт жоспары бойынша басталған реформалар іс жүзінде аяқталуы тиіс. Геологиялық ақпараттың ашық цифрлық базасы құрылуы керек. Оған инвесторлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Жер қойнауы – ұлттық қазына» деген болатын.
Мемлекет басшысының саланы дамытуға бағытталған пәрменді тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Үкімет Қазақстан Республикасының геология саласын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Бұл негізде Ұлытау облысында ауқымды жоба іске асып жатыр. «Қазақмыс Барлау» ЖШС өңірде геологиялық кластердің құрылысын аяқтауға жақын. Жуырда кешеннің жұмысы басталады. Еліміздегі алғашқы кластер «Жезқазғангеология» АҚ геологиялық экспедициясының аумағында орын тепкен. Құны 7 млрд теңгеден асатын кешен Жезқазған өңіріндегі минералды-шикізат қорын көбейтуді көздейді. Құрылысы биылғы жылдың ІІІ тоқсанында аяқталатын нысан 150 адамды жұмыспен қамтуға қабілетті.
Бұл кластерге қазба жұмыстарының техникалық және кадрлық ресурстары біріктірілген. Заманауи технологиялардың көмегімен жер қыртысы зерттеледі. Соның нәтижесінде жаңа кен орындарын ашу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін елімізден және шет елден ғалымдар шақыртылу жоспарланған. Жалпы ауданы 14 мың шаршы метрді құрайтын геологиялық кластердің құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Қазіргі таңда ішкі әрлеу, инженерлік-коммуникациялық желілерді монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.
Кешенде оқу орталығы, геологиялық кітапхана, қызметкерлерге жатақхана, АLS талдау зертханасы, Colorado School Mines жоғары оқу орнымен бірлескен еліміздегі тұңғыш геофизикалық зертхана, керн қоймасы, кеңсе ғимараты және жөндеу-механикалық цехы бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуетін көтерудегі сала ретінде геологияны дамытудағы қадамдар облысымызда нәтижесіз емес. Үкіметтің тұжырымдамасына сай, 2026 жылға қарай геологиялық және геофизикалық барлаудың көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл міндетті еңсеруде кенді өлкеде жаңа геологиялық кластер өз міндетін толықтай атқаруға қауқарлы.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.