«Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Нұрахмет Нүриев Геологиялық кластердің құрылыс алаңында болды. «Қазақмыс Барлау» компаниясының Бас директоры Ғалым Нұржанов құрылыс барысымен таныстырды.
Бүгінгі күні құрылыстың басым бөлігі аяқталып, ішкі жұмыстар, инженерлік-коммуникациялық желілерді монтаждау, бөлмелерді әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жезқазғандағы геологиялық кластер бұрынғы «Жезқазғангеология» АҚ геологиялық экспедициясының аумағында орналасқан. Құрылыстың жалпы ауданы 14 мың шаршы метрден асады. Кластер ішінде оқу орталығы, ALS талдау зертханасы, Colorado School of Mines-пен бірлескен еліміздегі алғашқы геофизикалық зертхана, мұражай, кітапхана, кампус, көлемі 200 мың ш.м. керн қоймасы, кеңсе ғимараты және жөндеу-механикалық цехы болады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев геология саласы жер қойнауын пайдалануды дамытудың негізі және ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі деп атап өтті.
Геологиялық кластердің құрылысы Ұлытау өңірінде бүкіл геологиялық қауымдастық үшін тартымды орталыққа айналып, саланың техникалық және кадрлық ресурстарын біріктірмек. Нысан 150 жұмыс орнына есептелген. Жобаның құны 7 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын аяқтау 2024 жылдың 3-тоқсанына жоспарланып отыр.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі.