Жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы алтын көпір – кәсіподақ. Ол – өз мүшесінің еңбек жағдайында туындаған мәселеде заңдық тұрғыда құқығын қорғап, оған еңбек келісім-шарт негізінде қолдау көрсететін бірден-бір ұйым.
Еліміздегі ірі кен өндіруші компаниялардың жұмысшыларының құқықтары мен мүдделерін қорғауды мақсат еткен «КәсіпҚорған» кәсіподағының өңірдегі филиалдары да осы үддеден шыға білуде.
Кәсіподақтың Балқаш филиалы биылғы жылдың 9 айында ұйымның мүшесі болып табылатын еңбеккерлерге көрсетілетін қолдау шараларын нәтижелі жүзеге асырды.
Балқаш өндірістік алаңында 8588 қызметкер «КәсіпҚорған» кәсіподағына мүше болып табылады. Балқаш филиалының кәсіподақ ұйымдарында еңбекті қорғау жөніндегі 50 қоғамдық (техникалық) инспектор сайланды. Олар инспектор туралы ережеде көзделген міндеттер мен құқықтар негізінде жұмыс жасайды. Арнайы куәлік рәсімделіп, атқарылған шараларды тіркеу журналы берілген. Кәсіподақтың стратегиялық жоспарына сай еңбек жағдайын жақсартуға баса көңіл бөлінеді. Сондықтан әрбір өндіріс нысанындағы арнайы бекітілген қоғамдық инспектор жағдайды жіті бақылап, комитет және бастауыш ұйым төрағаларымен тығыз жұмыс жасайды.
Балқаш филиалы еңбек ұжымдарында қолайлы жағдай жасауға, еңбекті қорғау және еңбекақы төлеу жағдайына, еңбек заңнамасын сақтауға, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуге көбірек көңіл бөледі. Ай сайын келіп түсетін мәселелер мен шешімнің сатылары «КәсіпҚорған» кәсіподағына жөнелтіліп отырады.
Күн сайын филиал кеңесіне, бастауыш ұйымдардың кәсіподақ комитеттеріне ондаған адам түрлі мәселелермен жүгінеді және белгілі бір адамның проблемаларын шешу кәсіподақтың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып саналады.
Келісу және аттестаттау комиссияларының отырыстарына қатысып, кәсіподақ мүшесі тарапынан туындаған жағдайларды шешуге атсалысады.
Өзінің қызметінің құзіреті шеңберінде филиал еңбеккерлерді өндірістегі жетістігіне қарай ынталандыруға, мәдени-бұқаралық, спорттық шараларды ұйымдастыруға, қайырымдылық көмек көрсетуге, кәсіби шеберлік байқауын өткізуге, кәсіподақ мүшелерінің еліміздегі шипажайларға барып, денсаулығын нығайтуға жәрдемдеседі.
Мемлекеттік және кәсіби мерекелер мен халықаралық деңгейде аталып өтетін атаулы күндерде Балқаш филиалы өңірдің өндірісін өркендетуге үлес қосып жүрген азаматтарды түрлі дәрежедегі марапаттарға ұсынады.
Бақтияр Сүлейменов төрағалық етіп отырған филиал 10 қазан – Кәсіподақтар күніне іргелі істермен жетіп, жұмыстарының жүйелі екендіктерін көрсетті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
Балқаш.