Жуырда «ULY DALA Co» ЖШС Жаңаарқа ауданында ет комбинаты кешенін ашқан болатын. Онда сұрыпталған еттен бөлек қалбырдағы бұқтырылған ет және түшпара, котлет, манты сияқты жартылай фабрикат өнімдері шығарылады. Серіктестік осы өнімдерін облыс орталығы жұртшылығына ұсыну мақсатында Жезқазғанда «Ауыл өнімдері» шағын маркетін ашты.
Ет өңдейтін кешен ауданның Бидайық ауылдық округіне қарасты Ақтайлақ елді мекенінде орналасқан. Комбинат тәулігіне 4 тоннаға дейін ет өңдеп, 3 мыңға жуық бұқтырылған ет қалбырын шығара алады. Аумағы 4 гектар жерді алып жатқан комбинаттың қызметкерлерге арналған жатақханасы, асханасы мен қонақ бөлмесі бар. Ет өнімдерін салқындату қоймалары, тоңазыту камералары, зертханасы, мал сою цехы және консерві цехы сияқты технологиялық бірегей желілерді қамтыған жаңа кәсіпорында қазірде 18 адам еңбек етуде.
– Ет комбинаты кешенін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несие алып, 330 млн. теңге қаржыға салдық. Консерві цехында бұқтырылған еттің үш түрі – қой, сиыр, жылқы еттерін қалбырлап шығарамыз. Алдағы уақытта етпен үздіксіз қамтамасыз ететін мал бордақылау алаңын іске қосу да ойластырылған. Қаражал қаласының сыртындағы Шалғия алқабында 100 мың гектарға жуық жайылымдық жері бар мал шаруашылығын қалыптастырғанымызға екі-үш жыл болды. Онда бүгінде 1500 жылқы, 2,5 мың қой түлігі бағылуда. Сонымен қатар, Жаңаарқа ауданының шаруа қожалықтары мен жеке адамдарының енді алысқа сабылмай малдарын бізге өткізуіне де жол ашылып отыр. Ет комбинатының өнімдері аз уақытта нарықта таныла бастады. Жезқазғанда ашылған шағын маркетте қалбырдағы ет, жартылай фабрикат өнімдерімен қоса жылқы, сиыр еттері, қазы-қарта, үйдің майы және басқа да азық-түлік түрлері халыққа ұсынылады, – дейді «ULY DALA Co» ЖШС директоры Жамбыл Жүндібаев.
Бұл – «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның әлеуметтік жобасы бойынша Жезқазғанда жұмысын бастаған төртінші шағын сауда орны. Бұрынғы «ULY DALA» сауда павильондарын кәсіпкерлер мен фермерлерге өтеусіз пайдалануға беру арқылы қалада 5 шағын маркет ашу көзделген болатын. Әлеуметтік бағыт ұстанатын бұл сауда орындарының иелеріне өздері өндіретін ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз сатуға мүмкіндік жасалып отыр. Азық-түлік бағаларын ауыздықтау мақсатында облыстық тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері де осы шағын маркеттер арқылы сатылатын болады.
Амандық РАХҰЛЫ.