Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру – егемен ел еншісіндегі сұңғыла стратегиялық шешімнің сүбелісі. Оған қозғау салған елдің экс-Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болғанын қадап айтпасақ, тарихқа қиянат болар еді.
Ол бұл мәселені бірінші рет 1992 жылыкөтерді. 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес бас қаланы Алатаудан Арқаға көшіру туралы шешім шығарды.Ақмола 1997 жылы 10 желтоқсанда Елорда деп жарияланды. 1998 жылы 6 мамырда Астана атанды, 10 шілдеде ресми тұсауы кесілді.
Бұзоқтан бүгінге дейін
Ежелден рухы мықты ел едік. Рухтың құдіреті мен бірліктің бекемдігі тәуелсіздік тұғырына қонған жас мемлекетті жасампаздық жолына бастады. Соның өміршең үлгісіндей ерке Есілдің бойынан Отанның жүрегіне, елдіктің тірегіне айналған еңселі Елорда бой көтерді. Оның жасампаз жылнамасы тарих үшін қасқағым сәт саналғанымен, шежіресі тереңге тамыр тартады.
Ол бабалардың бағзы мекенінде қоныс тепкен. Археологтар Астананың оңтүстік-шығыс қапталынан орта ғасырлық Бұзоқ қалашығы орнын тапты. Ғылыми-зерттеу нәтижесіне сүйенсек, оның он екі ғасыр бұрын іргестасы құйылып, қабырғасы қаланған. Демек, көне қалашық сан ғасыр салқар Сарыарқада саяси және рухани орталық қызметін атқарған.
Бірнеше жыл зерттеу жүргізген Есіл археологиялық экспедициясы Елорданың төл тарихы ІХ ғасырдағы Бұзоқтан басталатынын дәлелдеді. Оңтүстік пен Шығысты Русь, Византиямен жалғастырған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан шырайлы шаһар Қыпшақ хандығының штаб-пәтері, сондай-ақ, көшпенділердің ірі сауда-әкімшілік орталығы болған деген дерек бар.
Кейбіреулер Елорданың түп тарихы XVIII ғасырдан басталады деген болжам жасаған. Алайда, кейінгі ғылыми тұжырымдар әлгі болжамды жоққа шығарды. Олай болса, ежелгі өркениеттің ошағы болған Есілдің бойында тәуелсіз Қазақстанның еңселі Елордасы бой көтеруі тарихи заңдылық емес пе?! Көш тоқтатып, керуен қаңтарған жерге асқақ арманды мұрат тұтқан ұрпақтары айбынды астана салды.
Уақытпен үндескен үкім
Өмірдің өзі халық пен биліктен батыл шешім қабылдауды талап ететін кезең туады. Оны «уақытпен үндескен үкім» десек орынды. Әлемде көптеген елдің астана ауыстыруы астарында сондай сыр жатыр.
Айталық, Ататүріктің Түркия астанасын Анкараға ауыстыруы тегін емес. Омақаса құлаған Осман империясының әкімшілік орталығы Ыстамбұл сол бір тарихи кезеңде жаңа талапқа сай келмеді, ескі тәртіптің қайта орнау қаупін туғызды. Ататүріктікің тірлігі көрегендік екенін тарих дәлелдеді.
Империя астанасын І Петрдің Нева жағалауына орналастыруы Ресейдің ырғақты дамуына негіз қалады. Қатты кедергі келтірген табиғи жағдайдың қиындығына қарамастан, келісті қала салды.«Еуропаға терезе ашқан» Ұлы реформатор елді өркендетудің бағыт-бағдарын айқындады. Өзінің тарихи миссиясын абыраймен атқарған Санкт-Петербург қазір әлемдегі озық экономикалық, мәдени-ғылыми орталық қатарында.
Әрине, астананы ауыстырудың басқа да әлемдік тәжірибесі баршылық. Айталық, Жапония алғашқы астанасын Киото – «Батыс астана», кейінгісін Токио – «Шығыс астана» деді. Бұл – Батысқа тән үрдіс. Славяндар Византия астанасы Константинопольді Царьград – «Патша қаласы» деп атады. Ал, Кингстон – «Король қаласы».
Сондықтан, жаңа саяси орталықты «Астана» деп атау қай тұрғыдан қарастырсақ та, тарихи дәстүрмен терең қабысады.Еуразия құрлығының дәл «жүрегінде» орналасқан Астананың XXI ғасырда халықаралық саясаттағы маңызды орталыққа айналуға мүмкіндігі мол.
Әлемге аян әсем қала
Бұдан ширек ғасыр бұрын Астана еркін экономикалық аймақтардың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Қазір ол тәуелсіз Қазақстанның елордасы ретінде әлемнің саяси картасына берік орныққан.1999 жылы ЮНЕСКО Астананы «Бейбітшілік қаласы» деп атады.Мұндай атақ қысқа мерзімде әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени дамуда жоғары жетістікке жеткен, тұрақты этноаралық қатынас орнықтырған жас қалаға беріледі.
Бразилияда өткізілген байқауда Астана барлық талап бойынша әлемнің он екі қаласынан басым түсті. Астананың Бас жоспары жобасын әлемге әйгілі сәулетші Кишо Курокава жетекшілік еткен Жапон агенттігінің зерттеу тобы жасады. Небір ғажап ғимарат заманауи сәулет өнерінің үлгісіне сай бой түзеді. Бір кезде облыс орталығы болған қарапайым қала қазір адам танымастай өзгерді. Кең далада көсіліп жатқан шырайлы шаһар келісті келбетімен көрген көзді сүйсіндіреді.
Ол әлемдік іскерлік байланыс күретамырына айналды. Еуразиялық ел қатарындағы Қазақстан астанасы алып қос құрлықтың өкпе тұсында орналасқанын, демек, келешекте қала осынау ұлан-ғайыр кеңістіктің қуатты желісі тоғысатын торапқа, экономикалық, технологиялық ақпарат тасқынының арнасына айналатыны анық.
Астана – кемел де келісімді ойдың, ізгі ниет пен игі тілектің қаласы. 2001 жылы «Астана – жаңа қала» атты арнайы экономикалық аймақ құрылды. Мақсат – мол инвестиция тарту, озық технология арқылы құрылысты қарқынды жүргізу, заманау иинфрақұрылым қалыптастыру, экономикалық және әлеуметтік дамуға жағдай жасау.Алаштың айбынына айналған асқақ Астананың көркем келбеті қалыптасып келеді.
Кезінде тыңның тұғыры болған құтты мекен бүгінде тәуелсіз Қазақстанның бас қаласына айналды.Ата-бабаның ту тігіп, кереге жаятын майлы да жайлы жұмақ мекен таңдауы тегін бе? Аңыз бен шындықтың шырайындайАсан қайғының Желмаямен жаһанды шарлап, Жерұйықты іздеуінде қандай сыр жатыр? Жауабы жалқы: мәңгілік мирас-мұра да, кейінгіге қалатын баға жетпес байлық та – Ел мен Жер!
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.