Сарыарқаның сайын даласындағы Жезқазған кен орындарының атақты кеншілерімен, Еңбек Ерлерімен, білікті басшыларымен етене таныс болғаныма мақтанамын, қуанамын. Олар – өмірі аңызға айналған өрендер.
Ұлы Отан соғысы кезінде Байқоңыр көмір бассейнінде Қарсақбайдан мыс алу үшін көмір қазған Ленин орденді Тұрғынбай Дөрментаев, Социалистік Еңбек Ері Мұхит Бөпежанов әкем басшы болған Байқоңыр кенішінде қызметтес болған достары еді. Бертін келе Әубәкір Құсайынов, Қазымхан Кентаевпен Шымболат жырау өлеңімен өрнектеген «төртінші» елдімекенінде көрші тұрдық, қолына су құйып, елі «герой» деп кеткен ағалардың ақ батасын алған жанмын.
Сонау сексенінші жылдары Жезқазған кеніштерінде тәулігіне мың тонна кен өндіретін бригадалар құрылды. Әр кеніште өз көшбасшылары қалыптасты. Оңтүстік Жезқазған кенішінде Демберген Баймағамбетовтың бригадасы биіктен жарқырай көрінді. Еңбекқорлығы, табандылығы, қарапайымдылығы, кішіпейілдігі, жастарға қамқорлығы, отбасындағы ұл-қыздарына берген өнегесі, тәлім-тәрбиесі, жары Анаркүл жеңгемізге деген адалдығы ағамызды аңыз адам, абыз ақсақал қатарында танытты.
Ол бригаданы кеншілер «Байдың бригадасы» дейтін, бұл бригадада жұмыс істеу үлкен мәртебе болатын. Бір үйде екі «Батырдың» болуы да қазағыма үлгі боларлық жайт қой. Ұл-қыздарының дені әке жолын қуып, кенші атанды, әлі де «Қазақмыс» корпорациясында беделді қызмет істеп жүрген ұрпағы баршылық, «Шүкір!», «Тәуба!» дейміз. Еңбек Ері Демберген әкенің, Батыр-ана Анаркүлдің ұрпақтарына Аллатағалам ұзақ та, бақытты ғұмыр берсін!
Демберген ағамның жақсы адами қасиетінің бірі – қарапайымдылығы, мәрттігі. Бесжылдық жоспарды жоғары деңгейде орындаған ағамызға комбинат басшылығы автокөлік тарту етсе, ағамыз: «Бұл менің ұстазым Н. Сидоренкоға тиесілі» деп, тәлімгеріне сыйға тартыпты. Кеңес Одағының түсті металлургия министрі П. Ломако: «Менің қолымда билік бар, не қалайсың?» дегенде (барлығы үй, көлік сұрайды деп ойлап тұр ғой!) Денберген ағамыз бригадаға ГРШ кабелін сұрап, министрді таң калдырыпты. Қазіргі жастар осыдан хабардар ма екен? Қайдам?!
Демберген ағамызды өндіріс басшылары В. Гурба, Р. Дәуітов, Қ. Қанафин, Ә. Шегірбаев, Р. Юн жоғары деңгейде құрметтеген, реті келгенде Р. Юн арнайы тапсырыспен «ЛендКрузер» джип автокөлігін сыйға тартады. Осындай ел құрметтеген, артында өшпес із қалдырған Демберген ағамызға Сәтбаев қаласынан көше атауын беру келешектің еншісінде. Алла қаласа ағамыздың ұрпағының өтініші орындалады деген үміттемін.
Жас кезімізде ағамыздың қолын алып, сәлемдесе қалсақ, мәз болатынбыз. Өсе келе зейнеткерлікке шығып Сәтбаев қаласында қоғамдық жұмысқа етене араласа бастағанда ағамыздың біраз ақыл-кеңесін санама құйып, батасын алдым. «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің Сәтбаев филиалын басқаруға кірісе салысымен Демберген ағама барып, шәй ішіліп, әңгіме-дүкен қызған шақта кеншілердің келелі, уақыт күттірмейтін шараларын басшыларға жеткізуімді өтінді, міне денсаулығы сыр берсе де өндірістегі жарақат алу, кенші өлімі, жер астындағы лас ауаның кеншілерге зияндылығы толғандырып жүргенін баян етті. Менің жұмысыма сәттілік тілеп, ақ батасын бере отырып: «Әкеңнен алған тәрбиеңнен артық не айта аламын, Мұзараф ағаң біраз баулыды, әлі талай биіктікті аласың», – деп жігерлендіріп жіберді.
Жиын-кездесулерге, дастарханға шақырғанда, жымиып, әдепті әдетімен: «Мені халқым, кеншілерім баяғы күш-қуатым бардағыдай есінде сақтасын!» деп көп отыра алмайтынын алға тартушы еді, иманды болғыр ағамыз! Міне, елімізге ерен еңбегімен, Жезқазған тарихында алтын әріппен аты жазылған Демберген ағамыз халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Өзіміз де жетпістің желмаясына мінсек те, арқамыздан қағып, ақыл-кеңесін беретін ағаларымыздың мәңгілік мекенге аттанғаны қабырғамызды қайыстырады, амал жоқ өткенге дұға оқып, тіріге береке-бірлік тілейміз!
Өмірімнің жазы кетіп күзі калды,
Ақылшы ағалардың көбі кетіп, азы қалды.
Сұраушының сүйген асын кім берер,
жоққа сабыр, барға риза күн көрер!
Әбулаис МОЛАҚОВ,
Сәтбаев каласының Құрметті азаматы,
«Қазақмыс» корпорациясы
Ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының басшысы