«КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағының ұйымдастыруымен өтетін жыл сайынғы спартакиада аясында қол күресінен турнир ұйымдастырылды.
Ептілер күш сынайтын бәсекеге «Қазақмыс» корпорациясының негізгі және қосалқы кәсіпорындарынан еңбеккерлер қатысып, бақ сынады. 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қол күрестіргендердің арасынан үздіктерін таңдап алу да төрешілерге оңай болған жоқ. «Күш атасын танымас» демекші, қарсыластарын айқын басымдықпен ұтқандар ұйымдастырушылар атынан турнир жүлделеріне ие болды.
80 келіге дейінгі салмақта Шығыс Жезқазған кенішінің еңбеккері Ғалым Қожаберген І орынды жеңіп алса, шахтапроходкалау тресінен Елдос Қожаберген ІІ орынды еншіледі. Энергетика басқармасынан бақ сынаған Бағдат Ордашпаевқа ІІІ орынның жүлдесі бұйырды.
80 келіден жоғары салмақта Жезқазған мыс қорыту зауытының еңбеккері Ерасыл Әмірғали алтыннан алқа тақса, «Жезқазғантүстімет» басқармасынан Алдияр Әмірәлі күміске қол жеткізді. Қола медаль Шығыс Жезқазған кенішінен Ғалым Қожабергеннің үлесіне тиді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.