Балқаш мыс балқыту заводында жүздеген еңбек әулетінің шежіресі қалыптасты. Атадан балаға мирас болып қалған кәсіптің мерейін үстем етіп жүрген әулеттер аймақта құрметке ие. Қажымұрат Қағазбаев металлургтер әулетінің негізін қалаушы.
Ол Ақтоғай ауданының Айыртас ауылында өмірге келген. 1993 жылдан бері «Қазақмыс» корпорациясының құрылымында еңбек етіп келеді. Заводқа алғаш келгенде оны Алтай Усманов тәлімгерлігіне алып, өндіріске баулыды. Ол кездері «шағылу пеші» деп аталатын пеште мыс балқымасы алынатын. Оның тілін Қажымұрат Жұқабайұлы осы Алтай Усмановтан үйренді.
1996 – 1997 жылдары Ванюков пешінде жұмыс істеуге ауысты. Жылдар өте келе тәжірибе толықты. Түсті металлургияның қыр-сырына қаныққан Қажымұрат Қағазбаевқа басшылық тәлімгерлік жолды нұсқады. Тәжірибелі маман жастарды маңына топтастырды. Қазір қанатын қатайтып, ұшырған шәкірттері заводтың әр құрылымында табысты еңбек етуде. Атап айтқанда, шихта дайындау цехының басшысы Алмаз сыздықбеков, аға балқытушы Саян Ақторғаев, балқытушы Арнұр Ақбергенов тәлімгер үмітін атқарды.
Тақырыпты «Еңбек әулетінің негізін қалады» деп қойғанымның өзінің мәні бар. Қажымұрат Жұқабайұлы өндірісте озат атанып, шәкірт тәрбиелеп қана қойған жоқ. Ол Қағазбаевтардың еңбек әулетінің іргесін қалады. Оның ізінмен інісі Нұрзат конвертор учаскесінің озат жұмысшысы. «Ат тұяғын тай басар» демекші, әкенің өндірістегі өнегелі жолын көріп өскен ұлы Алмұрат та өмірін заводтың тыныс-тіршілігімен байланыстырды. Алмұрат балқыту цехында балқытушы.
Қажымұрат Жұқабайұлының Перизат атты қарындасы заводтың шихта дайындау цехында аспалы кран машинисі болса, Айзат пен Риза Қағазбаевалар балқаш байыту фабрикасында аспалы кран машинисі. Өмірлік жары Қамария Егізова да байыту фабрикасында кран машинисі.
Жаратылысынан томаға тұйық, сөзден істі алға қоятын Қажымұрат Қағазбаевтың металға жақындығы әкесі Жұқабайдан жұғысты болған. Жұқабай ақсақал ауылдарында темірден түйін түйген ұста болған екен. Қажымұрат Қағазбаев осы бір қасиетін әкесінің ерекше дарынымен ұштастырады.
– Қанда бар қасиет тектілігін көрсетеді екен. Әкеміздің темірден түйін түйіп, металлмен жұмыс істеу қабілетінің маған жұғысты болуы да бір қасиет шығар деп ойлаймын. Металлургия саласына алып келген де осы бір күш шығар? 32 жылдық еңбек жолымда жастарға жолбасшы болдым. Еңбек әулетінің көшбасшысы ретінде танылып жатырмын. Әрине, мұның барлығы да еңбекпен келетін жетістік. Әулеттегі әрбір өкілдің өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, алға қарай ұмтылғаны біздің ортақ абыройымыз, – деді Қажымұрат Жұқабайұлы.
Адамға атақ, даңқ, белгілі бір жетістік жайдан-жай келмесі анық. Адал еңбектің нәтижесі кім-кімді де абыройға жетелейді. Қажымұрат Қағазбаев өзінің адал еңбегінің арқасында құрметке кенелді. Әулетте келер буын көшбасшы санайтын металлургтердің еңбек әулетіне негіз болды.