Кен өндіру саласындағы жемісті еңбегі үшін «Нұрқазған» кенішіндегі конвейер машинисі Насыр Көшекбаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Насыр Мәмбетұлының бұл саладағы еңбек өтілі 40 жылды құрайды.
1983 жылы ашық кен өндіру жұмыстарын жүргізетін Зарафшан Орталық кен басқармасында слесарь болып бастаған. Аталмыш өндіріс нысанында 2008 жылға дейін еңбек еткен Насыр Көшекбаев қазіргі таңда «Нұрқазған» кенішіндегі еңбек озаттарының бірі.
Бұл кен орнында 14 жыл тер төккен Насыр Көшекбаевтың іскерлігі мен өз кәсібіне деген адалдығы оны абыройға бөледі. Жастардың тәлімгері атанған оның еңбегіне кеніш директоры Мұқан Үңгітбаев пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов бағалап, «Еңбек ардагері» медаліне лайық деп тауып, марапаттады. Мұқан Жалғасұлы Насыр Мәмбетұлының еңбегіне алғыс білдіріп, табыс тіледі.
– Еңбек адамына деген кеніш басшылығы мен кәсіподақ ұйымына дән ризамын. Мұндай құрметке ие болу мен үшін үлкен абырой. Осы марапаттың жөні бөлек. Ұзақ жылғы еңбегімнің жемісін көру бақытына кенеліп отырмын, – деді Насыр Көшекбаев.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.