Елімізде желтоқсан айының үшінші жексенбісі – энергетиктер күні болып белгіленген. Энергетика саласы – әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш, әрі экономиканың алтын өзегі, локомотиві және негізгі діңгегі. Сондықтан бұл саладағы мамандардың еңбегі қашан да жоғары бағаға ие.
Біздің өндірісті өңірдің әлеуметтік маңызы бар нысандарын, тұрғын-үйлер мен өндіріс ошақтарын жылумен, сумен, жарықпен қамтып отырған эенергетиктерге кәсіби мерекесінде құрмет көрсетіліп, марапатталады.
Жезқазған жылу, электр орталығы, «Жезқазған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС кәсіпорны, мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасы басшылығы мен кәсіпорындардағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті бірлесіп сала иелеріне арналған салтанатты жиын ұйымдастырды. Бұл шараға саланың ардагерлері, еңбек озаттары қатысты. Жезқазған қаласы әкімінің атынан Құрмет грамотасы және Алғыс хаттар, Қазақстан Республикасы Энергетика министірлігінің Құрмет грамоталары мен «Құрметті энергетик», «Еңбегі сіңген энерегтик» атақтары берілді. «КәсіпҚорған» кәсіподағы арнайы тағайындаған «Еңбек озаты», «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» төсбелгілері энерегтиктердің омырауында жарқырады. Кәсіподақ ұйымы төрағасының Құрмет грамоталары да өз иелерін тауып жатты.
Энергетиктердің кәсібилігі мен мамандыққа деген адалдықтарына қала кәсіпорын, кәсіподақ басшылығы атынан құттықтаулар толассыз ақтарылды.
***
Кеншілер қаласында да «Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС және «Қазақмыс Дистрьбюшн» ЖШС құрамындағы жылу, энергетика кәсіпорнының энергетиктеріне шаһар басшылығы, кәсіпорын және кәсіподақ ұйымы атынан ыстық ықылас көрсетілді.
Саланың өркендеуіндегі қомақты үлестері үшін кенді қаланың да еңбек озаттары құрметтен шет қалмады. Бірнеше майталманға төсбелгілер мен Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар табысталды.
Жыл соңында шуақты да қуатты көңіл-күйде аталып өтілетін энергетиктердің кәсіби мерекесі қос қалада майталмандарды ұлықтаумен көрініс тапты. Бір сөзбен айтқанда, бұл күн энергетиктерге марапат жауған күн болды.
Жезқазған – Сәтбаев
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.