Жақында Талап ауылдық округінің әкімі Қайрат Бапанов фермерлік шаруа қожалығының иесі Құралай Шөпшібаеваға ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасын тапсырды. Жасы жер ортаға келгенде Құралай Оразақынқызының мал шаруашылығымен айналысып, отбасы кәсібінің арқауын үзбей келе жатқаны марқұм ерінен қалған аманат десе болғандай.
Еліміз Тәуелсіздік алып, шаруашылықтар нарықтық экономика жолына түсе бастаған 1992 жылы Қайырбек Байқасынов Талап аймағынан жер алып егін екті, мал шаруашылығымен айналысты. Осылайша жеке шаруа қожалығын қалыптастырды. Бұл кісі қайтыс болғаннан кейін 2001 жылдан бастап шаруашылық жұмыстарын баласы Мұратқали жүргізген еді. Алайда, кейіннен жастардың өндіріске бет бұруына байланысты қожалықтың жұмысына бас-көз болуды 2010 жылдан бастап Құралайдың өз қолына алуына тура келді. Содан бері шаруасын дөңгелетіп, мал басын өсіріп отырған фермер әже қала халқын ауыл өнімдерімен қамтамасыз етуге өзінің үлесін қосып жүр. Құралай Шөпшібаева екі баласын тәрбиелеп жеткізіп, бүгінде олардан немере сүйіп отырған ардақты әже. Сонымен қоса әжептәуір мал басын құрап отырған шаруа қожалығының іскер иесі. Шаруашылық жүргізудегі елеулі жетістіктеріне орай 2022 жылы Жезқазған қаласының әкімі Қ. Әбсаттаровтың Құрмет грамотасымен марапатталған еді, енді міне, Ауыл шаруашылығы министрі А. Сапаровтың қол қойған Құрмет грамотасына ие болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттердің өте жоғары бағалануға тиіс екенін алға тарта отырып: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деуі осындай адамдардың еңбегін бағалауға қатысты айтылса керек. Иә, төрт түлігін өрбітіп, тынымсыз тірлік кешіп жатқан мал шаруашылығы майталмандарының еңбегі шынайы да адал екені ақиқат.
Қазіргі таңда Талап селолық округінде 31 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысуда. Оның ішінде 1 фермер мал өсірумен қатар егіншілікті де кәсіпке айналдыруда. Бұл шаруа қожалығының иесі Нұржан Қожахметов төрт-бес жылдан бері 20 гектар алқапқа бау-бақша дақылдарын егумен айналысып, қала тұрғындарын елеулі мөлшерде көкөніс және қарбыз өнімдерімен қамтамасыз етуде. Жалпы, ел ырзығын еселеп отырған Талап ауылы фермерлерінің қолынан шыққан ет, сүт және қымыз өнімдері базардағы сауда орындарының сөресі арқылы қала жұртшылығына жақсы таныс.
Амандық РАХҰЛЫ.