Қазақтың кең даласында ел үшін аянбай еңбек еткен, өмір жолын адалдық пен қажырлы еңбекке арнаған азаматтар аз емес. Солардың бірі – Қарасақбай топырағында туып-өскен, өмір бойы туған жерінің өркендеуі үшін аянбай қызмет еткен Дүйсембай Барекенов. Оның өмірі мен еңбек жолы – бір ұлттың емес, тұтас бір елдің тарихының бөлшегі.
Балалық шақ пен білім жолы
Дүйсембай Әбжаппарұлы 1960 жылы 8 ақпанда Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Қарасақбай кентінде дүниеге келген. Тарихи тағылымға бай бұл мекен – кешегі Сәтбаев пен Бөкетовтей тұлғалар із қалдырған жер. 1967–1977 жылдары №1 Қарасақбай қазақ орта мектебінде білім алып, елдің ертеңі боларлық негізді осы қабырғадан қалап шықты.
Мектептегі он жыл – тек білім алған кезең ғана емес, тұлға ретінде қалыптасудың да бастамасы болды. Қарапайым ауыл баласының бойындағы еңбекке деген құштарлық пен өмірге деген жауапкершілік осы жылдары қалыптасты.
Еңбек жолының алғашқы баспалдақтары
Мектепті бітірген соң, жас Дүйсембай үлкен өмірге қадам басты. 1977–1980 жылдары Жезқазған құрылыс техникумында «техник-құрылысшы» мамандығы бойынша арнайы орта білім алып, өзінің болашақ кәсіби жолын нақты айқындады. 1980 жылдан бастап Жезқазған қаласындағы жылжымалы механикаландырылған колоннада тас қалаушы болып еңбек етті. Жас маман ретінде қара жұмысқа қаймықпай кіріскен Дүйсекең өзін тек орындаушы емес, істің майталманы ретінде көрсете білді.
1983 – 1985 жылдары Қарасақбай металлургия зауытында тас қалаушы болып, кейін 1985 – 1988 жылдары сол зауытта техникалық қауіпсіздік инженері қызметін атқарды. Бұл кезең – оның кәсіби деңгейінің өскенін, техникалық саладағы біліктілігінің артқанын аңғартты.
Көшбасшылық кезең және өндірістегі табысты еңбек
1988 жылдан 2013 жылға дейінгі аралықта Қарасақбай металлургия зауытының жылу-сумен жабдықтау цехының басшысы болып қызмет етті. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін, кәсіби біліктілікпен қатар, адами қарым-қатынасты, ұйымдастырушылық қабілетті қажет ететін қызмет. Жылдар бойы цех жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету, ұжымды біріктіру, өндірістің талапқа сай жүруін қадағалау – мұның бәрін Дүйсембай абыроймен атқарды.
Білімге деген құштарлық – өмір бойғы серік
Жас кезінде алған білімімен шектелмей, үнемі ізденіс үстінде жүрген Дүйсембай Барекенов 2011 жылы Қазақ қатынас жолдары университетінің «Тасымалдауды, жол қозғалысын ұйымдастыру және көлікті пайдалану» мамандығын аяқтап, жоғары білім алды. Бұл оның өз саласын терең меңгеруге деген ұмтылысының нақты дәлелі. Дәл осы кезде өңірде Жезқазған – Бейнеу болатжолының құрылысы да қызу жүріп жатқан болатын. Өмірінің көкжиегін әріден көре білген Дүйсекең теміржолшылық мамандықты оқығанда осы саланың келешегіне деген үлкен семім артқан да еді. Сол сенімі оны алдамапты. Бейнеуге баратын болатжол тура қарашаңырақ Қарсақбайдың үстімен өтті. Осы жерде станция салынды. Ал оған білімді, білікті, іскер мамандар ауадай қажет еді.
Теміржол саласындағы еңбек және қоғамға қызмет
Жоғары білімді маман Дүйсембек Барекеновты Қарсақбай станциясының басшылары құшақ жая қарсы алды. 2013 – 2014 жылдары Жезқазған – Бейнеу теміржолы бағытында Қарасақбай теміржол станциясында кезекші, кейінірек станция басшысы қызметін атқарды. Бұл кезеңде ол тек өндіріс емес, қоғамдық салада да белсенділік танытты. Қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау, пойыз қозғалысын үйлестіру аса маңызды міндеттер болатын. Дүйсембай Әбжаппарұлы бұл міндеттерді де абыроймен орындап шықты. Оған оның көп жылғы еңбек тәжірибесі мен қолға алған ісін тиянақты орындауға деген дағысы көп септігін тигізді.
Туған жерге қызмет – азамат парызы
2019 жылдан бастап туған жері Қарасақбай кентіндегі қазақ халқының көрнекті ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы музейде үй іші меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Бұл – оның еліне, жеріне, тарихына деген құрметінің көрінісі. Жастарға тағылымды тәрбие беріп, тарихи мұраны сақтау ісіне белсене араласуда.
Дүйсембай Барекенов – адал еңбектің, кәсіби шеберліктің, білім мен іскерліктің үлгісі. Қарапайым еңбек жолынан бастап, басшылық лауазымдарға дейін көтерілген ол – өмірін туған еліне арнаған нағыз ел ағасы. Оның өмір жолы жас ұрпаққа үлгі, ал өзі – халық сүйіспеншілігіне бөленген тұлға. Қарасақбайдай қасиетті өңірдің қадірлі ұлына айналған, зейнет демалысына шықса да қоғамдық жұмыстан қол үзбеген Дүйсембай Әбжаппарұлының еңбегін қарсақбайлықтар әркез мақтанышпен айтып отырады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ