Қалалық қоғамдық кеңестің ұйытқы болуымен өткен қоғамдық тыңдауда «Қазақмыс» компаниясы кәсіпорындарының (мыс қорыту зауыты, байыту фабрикасы, жылу-электр орталығы) қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері жан-жақты талқыланды. Күнтәртібіндегі мәселенің жәй-жапсарын экологиялық сараптама комиссиясының төрағасы Жүрсін Лекеров жұртшылыққа жан-жақты таныстырды.
Әрине, қалада өндірістік алыптың зардабынан басқа да мәселе баршылық: айталық, ғарышқа ұшырылған зымыран бөлшегінің бөлінуі, қаптаған қазандық, андыздаған автөлік, т.б. Алайда, алқалы жиында сараптамалық қортындыға сүйеніп өндіріс ошақтарының әсерінен ауаның ластану индексі жоғары екендігі бүкпесіз жарияланды. Ең бастысы, әңгіме бір жақты болмай, қатысушы барлық тараптың оң нәтижеге қолжеткізуге ұмтылысы айқын аңғарылды.
– Компанияны тұрақты дамытудың тұжырымдамасына сәйкес өндірістік және инвестициялық шешімдер қабылдағанда қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды тиімді және ұқыпты пайдалануға, жалпы экологиялық мәселеге басымдық беріледі. Біз компания кәсіпорындарының қоршаған ортаға тигізетін техногендік сипаттағы әсерін, кен өндіру мен мыс алуға қатысты экологиялық тәуекелді терең түсінеміз.
Сондықтан, ҚР Экологиялық кодексі талаптарына сәйкес табиғат қорғаушаралары компания қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады. Қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді төмендетуге бағытталған кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Оның қатарында ауаға тарайтын зиянды заттарды азайту, ағын суды тиімді пайдалану мен тазарту, қалдықты қайта өңдеу мен кәдеге жаратау, тағы басқашаралар бар, – деді баяндамашы «Казахмыс Смелтинг» ЖШС Бас директоры Нұрахмет Нұриев.
2019 жылдың басында жаңа күкірт қышқылы цехын салып, 2022 жылы пайдалануға беру арқылы Жезқазған мыс қорыту зауытын жаңғырту жоспары жасалған еді. Өкінішке орай, қоршаған ортада қалыптасқан күрделі ахуалды айтарлықтай оңалтуға бағытталған бағдарлама белгіленген уақытта жүзеге аспай қалды. Қоғамдық тыңдауда оның себеп-салдары айтылды.
Ең бастысы – әлемді әбігерге салған COVID-19 коронавирус індеті. Тосыннан киліккен кесел шетелдік серіктестердің уақытында технологияны пысықтап, тәжірибелік-конструкторлық жұмыс жүргізуіне кедергі келтірді. Өткен кезеңде Экологиялық кодекске енгізілген жаңа ережелер мен талаптар табиғат қорғау қызметі мен табиғат игілігін пайдалану ісіне тың тұрғыда қарауды алға тартты.
Қазір барлық талаптар мен жүргізілген іздестіру жұмыстарына сүйеніп, жобаны жүзеге асырудың жаңа мерзімі айқындалды. Биыл сәуірде оған қойылатын талап пен қолданылатын технология озық қолжетімді технологиялық анықтамалыққа сай нақтыланады. Келесі жылы үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, өндірістің жобалық-сметалық құжатын жасау аяқталады.
Жаңа күкірт қышқылы цехын 2025 жылы қатарға қосу көзделіп отыр. Алдын ала жасалған есепке қарағанда, нысан құрылысына 100-120 млн. доллар шамасында қаражат жұмсалады. Жоба жүзеге асқанда күкірт диоксидінің (еселенген тотық) ауаға тарайтын мөлшері 2026 жылы екі еседей (49%) кемиді. Сонымен бірге биылдың өзінде парниктік газды 44% азайтуға қолжеткізетін зауытты газдандыру жобасы аяқталады. Оған 1,7 млрд. теңгежұмсалады.
Қоғамдық тыңдауда Кеңгір су қоймасын күтіп ұстау мен тазалау, жылу-электр орталығын газға көшіру мүмкіндігі, байыту фабрикасының өндірістік қалдықтар шаруашылығын талапқасай ұстау, «Бөргезсай» шатқалындағы бұдан жарты ғасыр бұрын қаңтарылған өндірістік қалдық қоймасын жөнге келтіру (рекультивация), Сәтбаев қаласындағы қалдық қоймасының 7 шақырым қашықтықтағы Жезді өзенін шайынды сумен ластауына жол бермеу мәселесі төңірегінде келелі әңгіме қозғалып, ұсыныс-пікір айтылды.
Алқалы жиында облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков пен Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров күнтәртібіндегі мәселеге байланысты өз ойын ортаға салды.
Қоғамдық тыңдау қорытындысында айтылған ұсыныс-пікірлер хаттамаға түсірілді, атқарылатын іс жоспары жасалып, бақылауға алынатын болды.
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.