«Қазақмыс» өндірістік және инвестициялық шешімдер қабылдағанда компанияны тұрақты дамытудың тұжырымдамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды тиімді және ұқыпты пайдалануға, жалпы экологиялық мәселеге басымдық береді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуі мен өндіріс мүддесін тең ұстайды. Компанияға қарасты әрбір кәсіпорынның қоршаған ортаға тигізетін техногендік сипаттағы әсерін, кен өндіру мен мыс алуға қатысты экологиялық тәуекелді терең түсінеді.
ҚР Экологиялық кодексінің талаптарынан туындайтын табиғат қорғаушаралары компания қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады. Өндірістің қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін төмендетуге бағытталған кешенді жоспар жасалып, жүзеге асырылуда. Оның қатарында ауаға тарайтын зиянды заттарды азайту, сарқынды суды тиімді пайдалану мен тазарту, өндірістік қалдықты қайта өңдеу мен кәдеге жаратау, тағы басқа шаралар бар.
Жезқазған аймағының экологиясы төңірегінде әңгіме қозғалғанда, ең алдымен, көз алдыңа металлургтер мекеніндегі мыс қорыту заводы, жылу-электр орталығы және байыту фабрикасының өндірістік қалдығы келеді. Қала экономикасының өзегіне айналған осы үш қуатты кәсіпорында олардың экологияға тигізетін кері әсерін кеміту мен тосын тәуекелдің алдын алу тұрғысында не істелуде? Ендігі әңгімені осы сауал төңірегінде өрбітейік.
Күкіртті газ көбеймесін десек…
Жұмыс істеп тұрған күкірт қышқылы цехындағы сапасы сын көтермейтін және тозығы жеткен технологиялық жабдықтар күкіртті ангидридтан бөлінген түтін газын толық тазалауды қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, 2019 жылы жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысын бастап, 2022 жылы пайдалануға беру арқылы мыс қорыту заводын жаңғырту жоспары жасалды. Өкінішке орай, қоршаған ортада қалыптасқан күрделі ахуалды айтарлықтай оңалтуға бағытталған бағдарлама белгіленген уақытта жүзеге аспай қалды.
Ең басты себебі – әлемді әбігерге салған COVID-19 коронавирус індеті. Ресейлік «Промстрой Инжиниринг» компаниясы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін 2019 жылы жасағаны мен, тосыннан киліккен кесел шетелдік серіктестер уақытында технологияны пысықтап, тәжірибелік-конструкторлық жұмыс жүргізуіне кедергі келтірді. Кейін Экологиялық кодекске енгізілген жаңа ережелер мен талаптар табиғат қорғау қызметі мен табиғи игілікті пайдалану ісіне тың тұрғыда қарауды алға тартты.
Бүгінде барлық талаптар мен жүргізілген іздестіру жұмыстарына сүйеніп, жобаны жүзеге асырудың жаңа мерзімі айқындалды. Жаңа күкірт қышқылы цехын 2025 жылы қатарға қосу көзделіп отыр. Алдағы жылы үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, өндірістің жобалық-сметалық құжатын жасау аяқталады. Алдын ала жасалған есепке қарағанда, нысан құрылысына 100-120 млн. доллар шамасында қаражат жұмсалады. Жоба жүзеге асқанда күкірт диоксидінің (еселенген тотық) ауаға тарайтын мөлшері 2026 жылы екі еседей (49%) кемиді.
Өндірістік қалдық өңірге қатерлі
Ауаны ластаудың тағы бір көзі – өндірістік қалдық қоймасынан көтерілетін шаң-тозаң. Жезқазған аймағында ондай төрт нысан орналасқан: біреуі жұмыс істеп тұр, үшеуі қызметін тоқтатқан. 2012 жылы өкімет қаулысымен бекітілген Жезқазған қаласын дамытудың кешенді жоспарында мыс қорыту заводының шлак үйіндісін және байыту фабрикасының №3 өндірістік қалдық қоймасындағы техногенді минералдық шөгіндіні қайта өңдеуге қатысты атқарылатын шаралар қарастырылды. Бірақ, ол орындалмай қалды.
Кейінгі кезде Жезқазғанның шығысына қарай 3 шақырым қашықтықта 24га. аумақты алып жатқан, бұдан жарты ғасыр бұрын қаңтарылған «Бөргезсай» шатқалындағы өндірістік қалдық қоймасынан шаң-тозаң көтерілетіні байқалып жүр. Облыстық экология департаментінің дерегіне қарағанда қала әкімдігі оны қараусыз қалған жылжымайтын мүлік ретінде қабылдаған. Бірақ, бұл бағытта «Қазақмыс» бірлесіп жұмыс атқаруға дайын.
Ресми дерек бойынша, 2013 жылы тоқтаған №3 байыту фабрикасының Кеңгір ауылының маңайында орналасқан өндірістік қалдық қоймасы 788га. аумақты алып жатыр: 420га. – буландырғыш әуіт, 368га. – ашық жағажай аймағы. Бұрын «Қазақмыс» қаңтарылған өндірістік қалдық қоймасының 60 гектарын жөнге келтірсе, қазір тағы да 90 гектарда сондай жұмыс жүргізуде.
Тынысты тарылтқан түтін
Қоршаған ортаға күкіртті газбен қоса көмірдің күлін тарататын жылу-электр орталығының да экологияға тигізетін залалы аз емес. Елдегі ластанған 10 қаланы бірінші кезекте газдандыру жөніндегі республикалық жобада Жезқазғанның болуы аталмыш кәсіпорын да газ отынына көшер деген үмітті оятқандай еді. Алайда, газ қалаға келгенімен, бұл бағытта әзірге нақты іс қолға алынбай отыр. Ол бұдан бірер ай бұрын өткен қоғамдық тыңдауда байқалып қалды.
«Қазақмыс» жылу-электр орталығының қазандықтарын 7 жылда кезең-кезеңмен газ отынына көшірудің стратегиясын жасады. Дегенмен, Үкімет тарапынан шешім қабылдауды қажет ететін кейбір сыртқы факторлар бар. Бірінші кезекте бұл – бағасы қолайлы, қалтаны қатты қақпайтындай табиғи газбен қамтамасыз ету. Қазіржекетұлғалароныңтекшеметріне 36 теңгетөлейді. Ал, жылу-электр орталығы үшін 1000 текше метріне 200 доллар ұсынылып отыр. Бұл экологиялық ахуалды жақсартуға оң әсер еткенімен, әлеуметтік жағдайды ушықтырып жіберуі әбден мүмкін.
Себебі, жеке тұлға төлеп жүрген электр қуатының тарифі қазіргі 13,6 теңгеден 39 теңгеге дейін көтеріледі. Ал, жылудың құны гигакалориясына 2840 теңгеден 18718 теңгеге жетеді. Оның үстіне жылу-электр орталығын қажетті табиғи газ бен толық көлемде қамтамасыз ету мүмкіндігі әзірге түбегейлі шешілмеген.
Түйін
Жалпы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен өндірісті күдерістің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін барынша кеміту – «Қазақмыс» басымдық беріп келе жатқан ұстаным. Оның әрбір құрылымы табиғи байлықты тиімді пайдаланудың тиісті экологиялық стратегиясын жасаған. Жүзеге асырылған табиғат қорғаушаралары өзінің оң нәтижесін көрсетіп отыр. Мәселен, өткен ғасырдың соңғы он жылдығында жыл сайын ауаға 85 мыңнан астам күкіртті ангидрид тараса, қазір бұл көрсеткіш 62 мың тоннаға кеміді.
Күнде Жезқазған қаласы ауа бассейнінің ахуалы туралы бюллетень шығарылып, нәтижесі мемлекеттік органдарға жөнелтіледі. Мыс қорыту заводының шаң тұту-газ тазарту жабдықтары қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Аймақты көгалдандыру мәселесі де ұдайы назарда. Айталық, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында соңғы бес жылда 43 мың ағаш егілді. Облыс басшылығымен бірлесіп аймақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жөнінде жасалған бес жылдық жоспар бар. Оған 433 млрд. теңге қаржы бөлінген.
«Қазақмыстың» Жезқазған аймағында орналасқан кәсіпорындары қоршаған ортаға тигізген зиянды әсері үшін облыстық бюджетке соңғы үш жылда 4 млрд. 503 млн. теңге аударды. Бірақ, соның қаншасы аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға жұмсалғаны жөніндегі дерек жоқ. Бұл мәселе облыс болыпжеке шаңырақ көтергеннен кейін оң шешімін табады деген ойдамыз.
Әрине, қалада қоршаған ортаға өндірістік алыптың тигізетін экологиялық зардабынан басқа да мәселе баршылық: айталық, ғарышқа ұшырылған зымыран бөлшегінің бөлінуі, қаптаған қазандық, андыздаған автөлік, т.б. Бірақ, бұл – басқа мақалаға арқау болатын тақырып.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.