Бұл кешенді «Терісбұтақ мешіті», «Бердікей мешіті», «Құлмұхамбет ишан мешіті» деп әртүрлі атап жүр. Қолжазбада да алма-кезек кездеседі. Сірә, «Дулығалы мешіті» атауына табан тіреген жөн. Неге?
Күн көкжиектен көтеріле немесе қызара бөртіп батарда іргесіндегі Талдықұдықтан мешіт тұрған үстіртке қарасаң, мұздай жасанып сапқа тұрған дулығалы қалың қолдың сұлбасын байқайсың. Табиғаттың керемет көрінісі! Қаптаған дулыға кәдімгі қалың әскер келе жатқандай әсер қалдырады…
Құлмұхамбет кім?
Қысқа қайырсам, Қыпшақ Бердікейдің белбаласы Құлмұхамбет ишан ғұмырын елінің рухани қазынасын еселеуге, көңіл көкжиегін кеңейтіп, кемелдендіруге арнаған аяулы азамат. Әрине, 1841 жылы туған ол туралы тасқа басылған құжат жоқ. Бірақ, халқына тигізген шарапаты, өткерген өнегелі өмірі ел аузында аңызға айналған.
Әуелде сауатын әкесі Арыстанбай ашқан. Алайда, зерделі жеткіншек қара танығанды қанағат тұтпайды. Білім теңізінің тереңіне ұмтылады. Соның сәті ойламаған жерден түседі. Ол он бір жасында ауыл ақсақалдары мен әкесінің батасын алып, жайлаудағы ауылға сауда-саттық жасап келген саудагердің керуеніне ілесіп, алыс сапарға аттанады.
Билік-мансап емес, биік мақсаттың жалына жармасқан жұдырықтай жеткіншекке сүйсінген саудагер оны араб елінің бір тәуір медресесіне тапсырады. Қанша жыл оқығаны бізге беймәлім, белгілісі – елге он алты жылдан кейін бір-ақ оралады. Құран-қари және ишан дәрежесінде хатым-шарт алады. Сол елдің ірі орталығындағы мешітте қызмет атқарып, тәжірибе жинайды.
Сонымен қатар медицина, зергерлік, ұсталық, ағаш шебері кәсібін қоса меңгереді. Қолдағы дерекке қарағанда, Құлмұхамбет қазір қирап жатқан мешітті 1902 жылы салған. Алғашқыда «Ақсудың» табанынан ойылған шымнан ауылдың еңіс жағына тұрғызады. Оны күмбездемей, тек төбесіне ай орнатқан. Әңгіме орайында айта кетейік, дала комиссары Әліби Жанкелдин, сардар Аманкелді Иманов осы алғашқы мешітте сауат ашқан.
Алайда, ойдағы мешітті қыста қалың қар басып қала бергесін қырдың үстінен жаңа мешіт салу қолға алынады. Оның жобасын Құлмұхамбет ишан сызады. Кесек күйдіретін пеш салуға, бетіне арабша жазу, әртүрлі ою-өрнек түсірілген он түрлі кірпіш құюға басшылық жасайды. Қалыпты өзі үш жыл шапқан екен. Оның дайын болуына қарай уақыт өткізбей, дереу кесек құйып, күйдіріп отырған. Отынға тобылғы мен қамысты пайдаланған.
Мешіттен кейін 24 бөлмелі медресе құрылысын қолға алады. Төбе жабатын ағашты, едендік тақтайды өгіз арбамен Аманқарағай, Наурызымнан тасиды. Құрылыс 1920 жылы бітеді. Арнайы шақырылған Ғалиулла деген татар орысша дәріс береді. Оған көпшілік қарсы болғанда бабамыз: «Жылда орыс-орманы көп Қостанай, Көкшетау, Ақмола базарына барғанда, тілмаш жалдаймыз. Балалар орысша үйренсе, тілмашқа төлеген қаражат қалтаңда қалады» деп, орнықты ой тастапты.
Ол дүние-мүлік жимаған. Басы артық малын жәрмеңкеге шығарып, ақшасына кітап пен оқу құралын алдырған. Жат жерде жүріп жиған-терген өнерін елге үйретуге ұмтылған. Мешіт ұстап елді имандылыққа ұйытқан, медресе ашып жеткіншектің сауатын ашқан. Заманында зиялылар ортасында өте дарынды тұлға болған.
Сарбаздар серттескен…
«Дулығалы мешіті» тарихының бір тармағы 1916 жылғы Ұлтазаттық көтерілісіне қатысты. Бұл – Аманкелді сарбаздары серттескен тарихи орын.
Алайда, Арқадағы Аманкелді бастаған көтерілісшілер бір байламға келіп, сарбаздар серттескен жер «Дулығалы мешіті» екенін екінің бірі біле бермейді. Осында құрбандық шалынып, аймақтың аузы дуалы ақсақалдары сардар соңына ерген сарбаздарға бата берген. Бұл басқосуға сол төңіректегі барлық болыстың игі-жақсы, сыйлы азаматы мен атқамінері жиналған.
Ұлт-азаттық көтерілісі кең байтақ қазақ даласын дүр сілкіндірді. Ол – майданның қара жұмысына қазақтан адам алу туралы алаңғасар «ақ патша» шығарған жарымес жарлыққа бей-берекет қарсылық емес, халықтың тәуелсіздікке ұмтылған ұлт-азаттық күресінің соны сипаты. Қарулы көтеріліс Қазақстан мен оған шекаралас аймақтың үш жүзге жуық болысын қамтыды.
Отты ошаққа айналған Торғай өлкесіндегі өрттей лаулаған толқуды тұншықтыруға патша дүркін-дүркін жазалаушы аттандырды. Ал, Аманкелді сарбаздары мұздай қаруланған жазалаушылардың жазасын беріп отырды. Өйткені, олар бердеңке ұстап бұқпантайлаған бытыраңқы күш емес, белгілі бір темірдей тәртіп жүйесіне бағынған берік әскер болатын.
Жасақ негізінен Ұлытау, Қарсақбай, Байқоңыр, Жезқазған төңірегіндегі жұмысшы мен шаруадан құрылды. Қайдауыл болысының қару ұстауға жарайтын, «Аруақ!» деп аттандап атқа қонған ер-азаматы алғашқы жиынды Дулығалыда өткізді. Аманкелдіні қолбасшы-сардар сайлады. Сөйтіп, мешіт дәстүрлі діни міндетін атқарып қана қоймай, елдік сынға түскен сәтте халыққа рухани қуат берді.
Көп жерде толқу екі-үш айдан аспаса, Торғай даласындағы көтеріліс патша тақтан құлағанша тоқтамады. Кейбір дерек Аманкелдінің сарбазы елу мыңға жеткенін дәйектейді. Бұл қазақи қалыппен өсіріп айтыла салған сан емес: «Генерал Сандецкий 26 ноября сообщал, что в восстании участвуют до 50 тысяч аскеров…»(История КазССР с древнейших времен до наших дней. КазОГИЗ 1946 г. 391 стр).
Тарихи дерек де, оқиғаны көзбен көрген куәгер де көтеріліске уездегі он үш болыстың қолына қару ұстауға жарайтын ер-азаматы тегіс қатысқанын айғақтайды. Аманкелді жасағына іргелес болыс пен дуаннан да адам келіп қосылған. Қайдауыл болысына қарасты елдің бас қосып, атқа қонған жері – «Дулығалы». Құлмұхамбет – Аманкелдінің түп нағашысы. Ол жорыққа бес болыс Қыпшаққа киелі мекен болған нағашы жұртынан бата алып аттанған.
Исламның жөн-жоралғысын қатаң сақтаған қазақ әсіредіншіл емес. Әулие-әнбиеге сыйыну – діннен емес, атадан қалған дәстүр. Көтеріліске бел буғанда, шешуші шайқаста сарбаздар құран ұстап, алған жолдан қайтпасқа ант берген. Сардар мұсылманша өте сауатты болған. Қолына құран ұстап келгенге сеніп, аңғалдық жасап, 1919 жылы тұтқынға түсуі де сондықтан.
Айтылған сөз аяқсыз қалмаса
Мен «Дулығалы мешітіне» қатысты бірнеше мәрте мәселе көтеріп, мақала жаздым. Осыған орай 2005 жылы желтоқсанда ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінен мынандай жауап та алдым:
«Дулығалы мешітін және оның іргесіндегі алғашқы бастауыш мектепті («Алғашқы бастауыш мектеп» деп отырғаны медресе болса керек – авт.) қалпына келтіру мақсатында облыстық мәдениет департаменті «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ ғалымдарының қатысуымен үстіміздегі жылғы шілде-тамызда мешітте, сол аймақтағы басқа да тарихи ескерткішке зерттеу жұмысын жүргізді. «Дулығалы» тарихи орнындағы барлық ескерткіштің өлшемі алынып, жобасы фото-бейне таспаға түсірілді. Қазір жиналған материал ғылыми негізде сарапталып, мұрағаттық және этнографиялық дерекпен толықтырылуда. Осы зерттеу қортындысы бойынша аталған тарихи ескерткішке төлқұжат дайындалып, оны мемлекет қорғауына алу ұсынылады.
Аталған ескерткішті бұзылудан сақтап қалу мақсатында, ең алдымен, консервациялау жұмысын жүргізу қажеттілігін ескере отырып, министрліктің тарапынан осы мәселені аймақтық «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде шешу жөнінде Қарағанды облыстық мәдениет департаментіне тиісті тапсырма берілді».
2006 жылы маусымда Қарағанды облыстық мәдениет департаментінің директоры Рымбала Омарбекова былай деп хабарлады:
«Облыстық мәдениет департаменті «Дулығалы мешіті» атты мақаламен мұқият танысты. Аталған мәселе бұдан бұрын да бірнеше рет көтерілген болатын… Қазір жиналған материал ғылыми түрде сарапталып, архивтік және этнографиялық дерекпен толықтырылып, мешіттің графикалық түрде қалпына келтірілген жоба-сызбасы жасалып, аталған тарихи ескерткішке төлқұжат дайындалып, мемлекет қорғауына алу ұсынылды…
Облыстық мәдениет департаментінің ұсынысымен Мәдениет және ақпарат министрлігі республикалық бюджеттен қаржыландырылған ескерткіштердің 2008 жылға арналған жұмыс жоспарына Дулығалы мешіт-медресесін қалпына келтіру жұмысын енгізгенін хабарлаймыз».
Осы жауаптардың жобасына қарап «сең қозғалғандай», көңілде үміт оянғандай еді. Өкінішке орай, аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Аздап жұмыс жүргізілді де, тынды. Әрине, желдің өтінде, күннің көзінде, қар мен жаңбыр астында тұрып әбден тозған, қаусап қираған нысанды қалпына келтіру оңай шаруа емес. Және бірер жылда біте қоймасы да белгілі. Ендігі тілек – осы бір игілікті іс аяқсыз қалмаса екен.
Маман мәселенің мәнісі туралы
– Ұлытау өңіріндегі көптеген қасиетті, тарихи, мәдени ескерткіш қатарында «Дулығалы мешітінің» алатын орны айрықша – дейді «Ұлытау-Ұлар»мамандандырылған жөндеужаңғырту фирмасының директоры Әнуар Төлебаев. – Қазір қабырғасы мен мұнарасы ғана сақталған. Күмбезі құлаған.
Мешіт құрылысында ою-өрнекті қышты орынды ұқсатып пайдалану – Құлмұхамбет ишанның ізденісі мен еңбегі нәтижесі. Талай мешітті аралап, қаншама қыштың өлшемін қағазға түсіру, шет елде оқыған кездегі ізденісі ізсіз кетпеген. Ұлытау өңірінде мұнарасы сақталған екі мешіт бар: біреуі Қарақойлы Қыпшақ Жәкуда ишанға тиесілі, екіншісі – «Дулығалы».
«Дулығалы» Жәкуда ишан мешітінен бұрынырақ салынған. Мұнарасы қызыл қыштан қаланған, ал «Дулығалыда» шикі кірпіштің сырты қызыл қышпен қапталған. Мұнараға көтерілуде өзгешелік бар. Жәкуда мешітінде іштен баспалдақпен шықса, «Дулығалыда» алдымен төбеге көтеріліп, сосын мұнараға кіреді.
Қасбеттің тәуір сақталған тұсынан мешіт қабырғасының жалпы қалану тәсілімен танысуға мүмкіндік бар. Ұстаның қалау шеберлігіне тәнті боласың. Ал, қыштың сапасы сондай, кеше пештен шыққандай. Консервация жүргізер алдында жасалған сараптама мешіттің жобалық құжатын дайындау кезінде көп септігін тигізді.
Мешіт құрылысы бұл өңірге тән емес, сәулеттік ерекшелігі Орта Азия мешітінің салыну үлгісіне ұқсас, жобасы алдын ала әзірленіп барып қолға алынған. Мешітті салғанда құрылыс инженериясы мен сәулет өнеріндегі талай тәсіл мен түр тұңғыш рет қолданылып, ұтымды пайдаланылған. Бұл Құлмұхамбет ишанның білімділігін, еңбекқорлығын көрсетеді.
Өткен ғасырдың басында бой көтерген көрнекті мешіт Ұлытау өңірінің баға жетпес сәулет өнері ғана саналып қоймай, аймақтың рухани орталығына айналды. Инженерлік тұрғыдан қарағанда, дәл «Дулығалы» мешітіндей құрылысты осы күнге дейін Жезқазған-Ұлытау жағынан кездестірмедім. Бұрын-соңды мұндай мешіт салынбаған.
Мешіттен 150 метрдей жерде үлкен қорым бар. Құлмұхамбет ишанның кесенесі осында. Құдайға шүкір, мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, 2015 жылы әулие бабаның кесенесін жаңғыртудан өткізіп, күмбезін қайта қалпына келтірдік. Сосын азан шақыратын мұнараны жаңғыртық. Өкінішке орай, қаражаттың бөлінбеуінен кейінгі кезде жұмыс тоқтап қалды.
Дулығалы мешітін консервациялауды 2011 жылы біздің фирма жүргізді. Бұл – жалпы Арқадағы алғашқы консервациялық жұмыстың бірі. Туристік кластерді дамытуға тікелей қатысы бар мұндай мәдени-тарихи ескерткішке мемлекеттік тұрғыда мән беріп, ашық аспан астындағы мұражайға айналып отырса – нұр үстіне нұр, – дейді маман.
Рухани-мәдени кешен куәсі
Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт, сырты өрнекті қызыл кірпішпен өрілген жиырма төрт бөлмелі медресе, Құлмұхамбет ишанның келісті кесенесі мен үйі – «Дулығалы» заманында тұтастай бір рухани-мәдени кешен болғанын айғақтайды. Киелі орынға, қашықтығына қарамастан, қазір де тәу етіп жан-жақтан жұрт келіп жатады.
Бұл жердің табиғаты да таң қаларлық. Аламан бәйгеге ат қосқандай аумақтағы елді елең еткізер басқа да ерекшелікті ескере кеткен артық болмас. Егер қасиетті Ұлытау өңірінде туризм дамитындай күн туып жатса, одан онша қашық емес «Дулығалы мешіті» бір бекетіне айналары сөзсіз.
Мешіт пен медресенің арасындағы едәуір ашық алаңқай майда ақ қиыршық тасты, тақтайдай теп-тегіс. Мешіттің солтүстігінен Құлмұхамбет ишан кесенесіне дейінгі кеңістік – борбас. Кесененің солтүстік-батысына қарай қызыл топырақты қырат жатыр. Ауылдағылар оны «Қызыл саң» дейді. Оңтүстігі – арнасы бірнеше ауыл еркін қонатындай Дулығалы өзені.
Сәуірде арнасынан асып, астан-кестен таситын асау өзен мамырдың ортасы ауғанша өткел бермей жатады. Жазға салым жеке-жеке «қарасуға» айналады. Бір ғажабы, арнасы бір әлгі бірнеше «қарасудың» дәмі әртүрлі, әрқайсысының атауы бар. Ол атаудың да астарында тұнған тарих жатыр.
Ауыл іргесіндегі «қарасулар» сондай кермек, жағасын сортаң басып, сағал-сағал болып жатады. Одан ілгерідегі суы сәл кермектеу «Ақшеңгел» мен «Қауынқарасудың» жағасына керісінше қамыс пен құрақ қалың өседі. «Тойғылқарасу» мен «Қолдасқарасудың» балығы қандай?! Ойдым-ойдым «қарасудың» барлығы кермек, ал арасындағы «Ақсу» – тұщы. Суының түсі сүтке ұқсайды. Оның суына жуған шаш жылтылдап шыға келеді.
Амал қанша, Жаратқанием жалқы жарата салған, Табиғат-Ананың адам таң қаларлық талай тамашасы табылатын, оның үстіне тарихи маңызы бар осындай орын салдыр-салақтық пен немкеттіліктің тауқыметін тартып-ақ тұр. Әйтеуір, әупiрiмдеп Құлмұхамбет ишанның кесенесi мен мешіттің азан шақыратын мұнарасы жаңғыртылды.
Ендігі кезекте – тоғыз күмбездi мешiт. Оны жаңғырту жобасы, ғылыми-жобалау құжаты дайын. Бар мәселе қаржыландыруға тіреліп тұр.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.