2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін көрсету тек лицензиясы бар мамандандырылған ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Бұл талап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңға сәйкес енгізіліп отыр.
Аталған қызметтерді көрсету барысында тек Еуразиялық экономикалық одақта тіркелген, арнайы куәлігі бар препараттар қолданылуы тиіс. Жәндіктер мен кеміргіштерге қарсы өңдеуді өз бетінше жүргізуге, сондай-ақ ветеринарлық және фитосанитарлық препараттарды қолдануға қатаң тыйым салынады.
Мамандар тұрғындарға мынадай ұсыныстар береді:
- Жәндіктерден қорғау үшін тек мамандандырылған ұйымдардың көмегіне жүгіну керек;
- Өңдеу алдында пәтер иелерінің кооперативін немесе әкімшілікті ескерту қажет;
- Өңдеу кезінде үйде бөтен адамдар мен жануарлар болмауы тиіс;
- Препарат қолданылғаннан кейін бөлме жақсылап желдетілуі қажет.
Бұл шаралар халықты жұқпалы аурулардан қорғап, азық-түлік пен мүлікті зиянкестерден сақтау мақсатында жүргізіледі. Тиісті рұқсатсыз немесе тіркеусіз мұндай қызметпен айналысқан тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Самал Мұхамбедья,
Жезқазған қалалық санитариялық эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бас маманы.