Апта басында Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты, облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы, тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Ерболат Сатыбалдин «Инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы байланысқа шығып, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берді.
Депутаттың тарапына келіп түскен сұрақтардың дені облыстағы экологиялық ахуал, өндірістік қауіпсіздік, кеншілердің зейнет жасын төмендету, Жезқазған қаласының тазалығы сынды түйткілдерден бөлек, жаңадан бой түзейтін тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызды ғимараттардың сапасына қоғамдық кеңес ат салысама, қала көлемі ұлғайғанда жылумен, сумен қамту қалай шешіледі деген өткір мәселелерді қамтыды.
Сондай-ақ, жаңа облыста ауылшаруашылығын дамыту, медицина саласындағы түйткілді жайттар мен жол, сапалы ауыз су жөніндегі жайттарды да депутатқа жолдаған көпшілік сұрақтарына нақты жауап алды. Сонымен қатар, эфир барысында 19 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты да сұрақтарын жолдады.
Эфир соңында Ерболат Жалғасбайұлы мұндай кездесулер алда да жалғасын табатынын айтты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.