Тау-кен өндіру, металлургия, байыту және тағы да басқа салалардың жұмысшыларын бір арнаған тоғыстырған «КәсіпҚорған» кәсіподағының әр өңірдегі филиалы жұмысшылар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға көп көңіл бөледі.
Соның жарқын дәлелі ретінде ұйымның Жезқазған филиалының бұл бағытта атқарып жатқан жұмысы көпшіліктің көңілінен шығуда.
Филиал «Қазақмыс Холдинг» ЖШС еңбеккерлерінің «JastarBolashaq» Жастар одағымен бірлесіп жыл сайын спартакиада өткізуді дәстүрге айналдырды. Оның аясында «Қазақмыс» корпорациясының аймақтағы құрылымдарының еңбеккерлері шағын футболдан, фут залдан, баскетбол, волейбол, кіртасынкөтеру, армрестлинг, пауэрлифтинг сынды спор түрлерінен күш сынасады.
Өткен демалыс күндері кәсіподақ мүшелері үстел теннисінен бәсекеге түсті. Бірнеше топқа бөлінген спорттық шараға қатысушылар екі күн бойы тартысты ойын өрнегін көрсетті. Ерлер мен әйелдер арасындағы жарыс қызықты әрі тартысты өтті. Турнирді ұйымдастырушылардың айтуынша, еңбеккерлердің үстел теннисіне деген қызығушылығы жыл санап арта түсуде.
Екі күндік бәсекеде ерлер арасында мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасынан Қуанжан Әлмағанбетов, нәзікжандардан құю-механикалық зауытынан Кристина Герберсгаген топ жарды. Екінші орынды Жезқазған мыс қорыту зауытынан Қуаныш Мағрапов пен Жезқазған байыту фабрикасынан Әсел Ғабасова еншіледі. Үшінші орынның тұғырынан Энергетика басқармасының еңбеккері АйдосҚалихан мен Шығыс Жезқазған кенішінен Салтанат Бейсенова көрінді.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.