Жуырда «Еуразия» арнасындағы «Көреміз» ток-шоуының қонағы болған кішкентай жерлесіміз Ибраһим Шүкір ұлытаулықтарды бір желпінтіп тастағаны анық. Сонау Алматыдағы телеарна елге танытқан жерлесімізді бүгін «Жауқазын» да арнайы қонаққа шақырған еді. Ендеше, Ұлытау ауданының түпкіріндегі шағын ауылдан шыққан дарынды замандастарыңмен жақынырақ танысайық.
Анықтама үшін ақпарат:
Аты-жөні – Ибраһим Батырұлы Шүкір.
Мектебі – Ұлытау ауданының Қоскөл ауылындағы № 11 мектеп
Сыныбы – 5-сынып оқушысы.
Жасы – 10-да.
Әкесі – Батыр Шүкірұлы Бахадыров.
Анасы – Мадина Серікқызы Бахадырова.
Туған жері – Жезқазған қаласы.
Өнердегі жетекшісі –Күмісбек Айжарықов.
– Сәлем, Ибраһим. Есімің мықты екен. Абай атаңмен аттас екенсің…
– Болмаса да ұқсап бақсын деп қойған ғой ата-анам.
– Әп, бәрекелді. Жарайсың. Ал енді жазғы демалысты қалай өткіздің?
– Өте керемет. Алаңсыз демалдық қой ауылда. Қалаға да қыдырып барып келдім. Әрине, үй шаруасына да көмектесіп, қол ұшын бердім. Өнер жолымды да шыңдауға уақыт таптым.
– Тамаша. Өнер жолың туралы айтып қалдың ғой, сол өнерге қалай келдің?
– «Ел іші – өнер кеніші» демей ме дана қазақ. Біздің Қоскөл ауылынан небір өнерлі азаматтар шыққан. Бір Жүрсін атамның өзі не тұрады. Өскенде сол Жүрсін атам сияқты ақын, әнші болсам деймін.
Жалпы, өнерге бала жасымнан құмармын. Балабақшада жүргенде «Әнші балапан», «Күміс қоңырау» байқауларына қатысып, ел алдында шыңдалып жүрдім. Мектеп жасында аудандық, қалалық, облыстық деңгейлердегі байқауларға қатысып, бақ сынадым. Аяқ алысым жаман емес.
– Алғашқы жоғары деңгейдегі жетістігің есіңде ме?
– Әрине. Ең алғаш «Мұрагер-2024» облыстық шығармашылық байқауына қатыстым. Сосын Алматы қаласында өткен «Алтын құлын» байқауына да қатысып, бақ сынадым. Соңғы қатысқан байқауым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған I облыстық «Ұлытау жұлдызы» балалар шығармашылығы фестивалі. Осылардың бәрінде топ жарып, І және ІІ орындарды иелендім.
– Жарайсың. Ал енді, білімдегі жетістігің қандай. Ән салып жүріп білімді ақсатып алған жоқсың ба?
– Жоқ. Білімім де жақсы. Өте жақсы десем болады. Шамам келгенше төрттен төмен баға алмауға тырысамын.
– Бос уақытыңда немен айналысқанды ұнатасың?
– Әдеби кітаптар оқимын. Шығармашылықпен айналысамын. Яғни жаңа, жақсы әндер жаттаймын.
– Өнердегі негізгі бағытың қандай?
– Дәстүрлі әндерді орындау. Халқымыздың асыл мұрасы болған дәстүрлі әндердің ұмыт болмауы үшін тер төгем.
– Қандай әндерді орындағанды ұнатасың?
– Көп қой. Мысалы, Жаяу Мұсаның, Бәкір Тәжібаевтың әндері жаныма жақын.
– Келешекке деген ұстанымың қандай?
– Әлгінде айттым ғой, Жүрсін атамның жолын жалғап, өнер жанашыры болсам дедім. Келешекте қазақ еліне танымал, дәстүрлі әнші болу.
– Әңгімеңе рахмет. Талабың таудай екен. Биіктерден көріне бер.