Елімізде 10 қазан күні кәсіподақ саласының қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтті. Кәсіподақ ұйымының беделін көтеріп, қызметкерлерін ынталандыруда бұл күннің маңызы айрықша.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіподақ ұйымдарының мәртебесін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру керектігін жиі айтып жүр. Кәсіподақ бұл жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы медиатор, қоғамдағы ірі және қуатты азаматтық институттардың бірі деп бағаланады.
Кәсіподақ қозғалысын жүйелендіру мен алға дамытуда тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің басын бір арнаға тоғыстырған «КәсіпҚорған» кәсіподағы бүгінде беделді ұйымға айналды. Өндірістің әр буынынан еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда аталмыш кәсіподақ ауқымды жұмыстар атқаруда. Ел аумағында бірнеше филиалдары бар ұйымның қызметіне өндіріс ошақтарынан мүшеліктегі еңбеккерлер мен басшылар кәсіби мерекеде құрмет көрсетіп, ілтипаттарын білдірді.
Мұндай салтанатты шаралар Жезқазған, Балқаш, Қарағанды, Шығыс Қазақстан филиалдарында көрініс тапты. Солардың қатарында «Нұрқазған» кенішінің директоры Мұқан Үңгітбаев бастаған кеншілер қауымы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазиновті құрметтеді. Мұқан Жалғасұлы комитет төрағасының кәсіподақ жұмысын жүзеге асырудағы еңбегіне алғыс айта келіп, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.