Аймағымызда өткен тағы бір айшықты шара – «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өңірлік кеңсесінің ашылуы болды. Салтанатты шараға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен «Бәйтерек» ҰБХ АҚ-ның Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев арнайы қатысты.
Биыл кәсіпкерлік субъектілеріне, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында облыстық бюджеттен 136 млн. теңге қарастырылған. Сонымен қатар, банктердің несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға облыстық бюджеттен 300 млн. теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
– Өңірде 19 мың шамасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр, өсім – 30 пайыз. Бөлшек тауар айналымының көлемі 45,4 млрд теңгені болып, өсім 17 пайызды көрсетті. Қол жеткен табыстарымыз да, жетістіктеріміз де аз емес. Дегенмен, одан әрі жақсы көрсеткіштерге жету басты мақсатымыз, – деді кеңсенің ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Айта кетейік, Ұлытау облысының тұрғындары үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кеңсесі Жезқазған қаласы, Бейбітшілік көшесі, 43/1 мекенжайында қызмет көрсетеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.