Кенші, байытушы мен металлург болсын, бір кездері ауысымнан соң жұмыстағы киімдерін үйлеріне әкеліп жуатын. Арнайы киімді үйден мұнтаздай етіп жуып, тазалаудың да өз машақаты болатын. Киімге сіңген кірді кетіру де әуре-сарсаңға түсетін. Енді ол дәуір артта қалды.
Бүгінгі күні аймақтағы жеңіл өнеркәсіп нысаны саналатын «Ютария LTD» ЖШС «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлеріне арнайы киім тігумен қатар, оларды жуып, тазалаумен де шұғылданады. Тігін цехында сұранысқа сай арнайы өндіріске арналған киімдердің түр-түріне тапсырыстар қабылданады. Ісімерлердің қолынан шыққан киімдердің сапасы да көңілден шығады.
Әлгінде айтқан жұмыскердің жұмыс киімін тазалаудың да тетігін жолға қойған компанияның Сәтбаев қаласында арнайы киім жуатын орны бар. Заманауи жабдықтармен қамтылған цехта «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының өкілдері арнайы болып, ондағы жұмыстармен танысты.
Меймандарды жуу орнының жетекшісі Мира Гусейнова мен технолог Надежда Кутырева цехты аралатып, атқарылатын шаруаларды баяндады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.