Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы болып қабылданған заңдарының бірі — 1993 жылғы сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының болуы бекерден-бекер емес. Қазақ даласы кеңес заманындағы сұрқия саясат салдарынан ойсырай зардап шегіп, халқымыз құрып кетудің аз-ақ алдында қалды емес пе. Елімізде 1931 – 33-жылдары қасақана қолдан ұйымдастырылған ашаршылық салдарынан 2 миллиондай қазақ құрбан болса, қуғын-сүргін кесірінен 1 млн. аса қазақ шекара асып, шетелдерге қашуға мәжбүр болған. Ал, 1929 – 1954 жылдарда жазықсыз жаламен 100 мыңнан аса адам сотталып, 30 мыңдай қыршын атылып кетті. «Жар астынан жау іздеген» солақай саясат әпербақандары халқымыздың маңдайына біткен Алаш арыстары бастаған кілең қаймақтың бетіне шығарлықтай оқыған-тоқығаны мол тәуірлерінің қолына кісен салғаны белгілі. Сондай тектінің ұрпағының бірі Ыбырай Толысбаевтың НКВД құрығына ілінген талайлы тағдыры туралы құжаттарды Оңтүстік Қазақстан облысына барып іздестіріп, тауып қайтқан немересі Жүсіп Ыбыраев атасының көзіндей көрінген төлқұжаты және басқа да мұрағаттық деректерді 2017 жылы Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қорына қастерлеп әкеліп тапсырды. Осы оқиға туралы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында тағы бір еске алсақ артық болмас деп ойлаймын.
Ұлытау аймағына атағы кеңінен мәлім Бұзау болыстың баласы Ыбырай 1887 жылы Қарсақбай ауданының 2-ауылында туған. Бастауыш көлемінде білімі бар ол тұтқынға түскенше негізінен Қарсақбайда тұрған. Пазыл, Назарбек деген ұлдары, Әпиза, Битіш, Бибажар деген қыздары болған. Немересі Жүсіп алып келген № 02213 қылмыстық іске қатысты архивтік анықтамада Қорғасын зауытындағы «контрреволюциялық зиянкестік ұйымға қатысқаны үшін» Оңтүстік Қазақстан облысы НКВД басқармасының ұйғарымымен 1937 жылдың 4 наурызында тұтқындағаны, әйгілі 58-баптың 9-тармағы бойынша айып тағылғаны жазылған. Тергеу барысында сол жылдың 13 маусымында ішек-ішкі құрылысының қабынуынан қайтыс болғаны көрсетілген. «Революцияға қарсы әрекеттеріңді мойында» деп, есіл азаматты ұрып-соғып қинағанын айтпаса да түсінуге болады. Ал, Ыбырай Толысбаевпен бірге Қорғасын зауытындағы «зиянкестік ұйым мүшесі» ретінде ұсталған қалған 23 адам сол жылдың күзіне таман түгелдей ату жазасына кесілген. Сот үкіміне жетпей, қинаудан қаза болмағанда Ыбырай Толысбаевты да үштіктің үкімімен берілетін осы жаза күтіп тұрғаны анық еді.
Жүсіп музейге тапсырған құжаттардың бірінде: «сауатты, байдың баласы» деп көрсетіліпті. Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті ақпараттық-аналитикалық орталығы берген тағы бір анықтамада: «1887 жылы туған Толысбаев Ыбырай 10.02.1937 жылы тұтқындалып, НКВД облыстық басқармасы үштігінің үкімімен 1937 жылдың 26 тамызында РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-9, 58-11-баптары бойынша сотталған. Қылмыс құрамының дәлелденбеуіне байланысты 02.08.1957 жылы ОҚО облыстық соты арқылы ақталған», – деп көрсетіліпті.
Осының барлығы қазақтың тәуірлерінің тұқымдарын тұздай құртуды көздеген сұрқия саясаттың салқыны екенін пайымдауға болады. Айталық, Ыбырайдың әкесі Бұзау Толысбайұлы Бағаналының Шағыр бұтағында отыз жылдан аса болыс болып, ел билеген белгілі тұлғалардың бірі. Оның әкесі Толысбайға 6 мың жылқы біткен екен. Бұзау болыс өз заманында әділ төрелігімен, кемел кісілігімен ел құрметіне бөленген. Болыстыққа жастай сайланып, әуелде Сарысу болысының, кейіннен Шағыр елінің болысы болады. Жер дауын, жесір дауын әділ шешіп, Бағаналы, Кіші жүз Тама, Арғын, Қыпшақ руларының арасын ашпай, татулық пен бірлікте болуына күш салған адам. Өзінің замандасы Бидаш болысты Орынбор түрмесінен босатып алып қайтқаны бар. Әйел затынан тұңғыш болыс сайланған Бидаш бәйбіше Бұзаудың кісілігіне риза болып, өз қызы Бибіаршаны оған әйел үстіне берген дейді өлке тарихын зерттеушілер еңбегінде. Бұзау болыс 1860 жылы туып, 1917 жылы қайтыс болған дейді шөбересі Жүсіп Ыбыраев. Бір деректерде 1861 жылы туып, 1918 жылы қайтыс болғаны жазылады. Қалай десек те, аймағына айбар болған атақты адам 57 жасында өмірден озған. Одан кейін жоғарыда біз әңгімелеп отырған баласы Ыбырай да болыс болған.
Атасының нақақтан жазаға тартылғаны және кейіннен ақталғаны туралы деректерді тірнектеп жинап жүрген Жүсіп Пазылұлы Ыбыраев сол кезде кездескенімізде осы әңгімелерді маған айтқан болатын. Әкесі Пазыл (негізі Базыл болуы керек дейді) Қарсақбайда май зауытында, қаржы бөлімінде, кейіннен Жезқазғандағы № 2 мектеп-интернатта бухгалтер болып қызмет жасап, зейнетке шыққан. Қызыл өкіметтің қырғынына ұшыраған әкесі Ыбырайдың ақталғанын естіп, жазықсыз жазалы болғанын көңіліне медеу етіп 1990 жылы өмірден өтіпті. Жүсіптің құлағында атасы туралы әкесінің айтқан біраз әңгімелері қалған көрінеді. Кеңес заманының бай-кулактарға шүйліге келгенінен қауіптенген бұлар Тәжікстанның Ленинабад қаласында біраз жылдар болып, елге қарай келген кезі болса керек. Ыбекеңді Қарсақбайда жүргенде ұстап әкетіпті. Байдың тұқымы, «халық жауының» баласы деген қаңқу сөз Пазыл Ыбыраевқа да салқынын тигізген сыңайлы. Аламатыда зооветтехникумда оқып жүргенінде 3-курстан жылыстатып, қуып жіберуге осы жағдай себепкер болыпты.
«Ел басынан осындай аумалы-төкпелі заман өткенін кейінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс» деп санайды Жүсіп Ыбыраев. Тынымсыз іздену арқасында атасына қатысты құнды құжаттардың қолына түскеніне шүкіршілік етуде. Перзенттік бір борышын сәтімен өтегендей, сұрқай замандағы НКВД қолынан сан мәрте өткен атасының сұр түсті төлқұжатын бізге марқайған көңілмен көрсеткен еді сол жолы.. Иә, қисық саясат, зұлмат қырғынның бетін әрі қылсын дедік біз де іштей тектінің тұяғының тебіренісін түйсіне сезініп.
Амандық РАХҰЛЫ.
Суретте: жазықсыз жазаға тартылған Ыбырайдың немересі Жүсіп атасының 80 жыл бойы қапаста қалған төлқұжатын тауып әкелген сәт.