(Соңы. Басы 1-бетте).
Сонымен, фестивальдің шымылдығы түріліп, жұртшылық жырдан маржан дестелеп, орамды ой, өткір қалжың айтуда алдарына жан салмайтын ақындардың сөз сайысын тамашалады. Алайда, бұл жолғы айтыс бұрынғылардан мүлдем басқаша қалыпта өтті…
Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын тыңдармандардың есінде болар, сонау сексенінші жылдары теледидардан командалық айтыс көрсетілетін еді. Екі өңірдің ақындары алқа қотан отырып, айтыстың әр түрінен сөз қағыстырып, бақ сынасатын. Сол үрдіс араға жылдар салып қайта оралды. Бүгінде елімізде осы командалық айтыс жүріп жатыр. Соның кезегі қанаттас жатқан қос облыс Ұлытау мен Қостанай облысына келген еді. Сол жыр додасы өміршең өнер мерекесі – «Ұлытау үні» фестиваліне дөп келді. Өнер додасында Ұлытау және Қостанай облысының ақындарынан құралған қос команда сөз сайыстырды. Мұнда ақындар «Қайым айтыс», «Қыз бен жігіт айтысы», «Түре айтыс» және «Сүре айтыс» сынды түрлері бойынша жұптасты. Сөз додасы арасында дәстүрлі әншілер, жыршы, термешілер мен күйшілер де бақ сынасты.
Бес өнердің басы біріктірілген жарыста Ұлытау облысының намысын Төлеген Жаманов, Сағынбай Мәлібеков, Сырым Нығызбай, Бекзада Достиярова, Өміржан Көпбосын, Ардақ Мұқыш, Думан Саматұлы, Жалын Сыздықов қорғаса, Қостанай облысынан Айбек Қалиев, Абзал Алпыс, Айбар Рағатов, Данияр Рысбеков, Жібек Шаһмардан, Манапбек Кәдіров, Батырлан Сағынтаев, Қыдырбек Қиысқанұлы сынды ақындар өнерлерін ортаға салды.
«Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, ұлық өнер жанашыры Жүрсін Ерман төр-
ағалық еткен қазылар алқасы ақындардың өнеріне әділ төрелік жасады. Айтыс қорытындысында 193 ұпаймен Қостанай облысының ақындары командалық айтыстың келесі кезеңіне жолдама алды.
Айтыс соңында күйші, жыршы, термешілерге 250 мың теңгеден, ақындарға 500 мың теңгеден қаржылай сыйақылардың сертификаттары берілді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.