Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов бастаған топ Қазақстан Республикасы Парламентінде Денсаулық сақтау министірлігі өкілдерімен кездесті. Кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі – жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау.
Жұмыскерлердің еңбек жағдайына байланысты (ауыр, зиянды т.б.) олардың міндетті медициналық қараудан, тексеруден өту уақыты да сол жағдайларына сәйкес болатыны анық. Ал, жұмыскерлер тұрмыс жағдайында немесе кәсіби аурулар себеп болуымен ауырып қалып жатады. Сол кезде олардың ауыр не болмаса зиянды да қауіпті еңбек жағдайын ескере отырып, Денсаулық сақтау министірлігінің №131 бұйрығына сәйкес шахталар мен зауыт, фабрикаларда жұмыс істеуіне тиым салынады. Алайда, бұйрықта ол тиымдардың мерзімі, аурудың қандай фазада асқынғандығы, денсаулығын түзеген жұмыскердің қайтадан жұмыс орнына шығуы сияқта жайттар егжей-тегжейлі көрсетілмеген.
Салдарынан жұмыскерлер тұрмыста алған жарақаттарын жасырады, ауруын жеке клиникаларда емдеуге тырысады. Осы мәселелердің алдын алу үшін Денсаулық сақтау вице-министірі Вячеслав Дудникпен кездесу өтті. Кездесуде № 131 бұйрықтың жұмыскерлердің жағдайына теріс әсері бары айтылды. Министрлік бұл бұйрықты өзгертуге болатынын және оның барысында Кәсіподақтың уәждерін назарға алатындықтарын жеткізді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.