Металлургтер күніне орай дәстүрлі «Қазақмыс ұлттық ойындары – 2026» ұлттық спорт жарысының екінші күнінде қазақ күресінен чемпиондық белбеу сарапқа салынды. Облыс орталығындағы «Намыс» спорт кешенінде өткен бұл белдесулерде кімнің бағы жанды, кімнің бабы келісті?
Кез келген өнідірістегі палуанның басты арманы – осы белбеуді иелену екені жасырын емес. Биылғы «Қазақмыс барысы» турнирінде бозкілемге табаны тиген әрбір палуан дәл осы белбеу үшін барын салып, соңғы демі қалғанша белдесті. Жарысқа «Қазақмыс» еңбек ұжымдарынан іріктелген 50-ден аса қызметкер қатысты. Осы бір айтулы додаға қазақ күресінің дүлдүлі, әлем және Азия чемпионы, үш дүркін «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев арнайы келіп, құрметті қонақ болды.
— Кешеден бері керемет той өтіп жатыр. Дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей деңгейде десем артық айтқандық емес. Өз басым «Қазақмыс» сияқты алпауыт компанияның төл спортымызға осылай ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсетіп жатқанына өте қуаныштымын. Бүгінгі бозкілемге шығатын барлық палуандарға тек сәттілік тілеймін! — деп ағынан жарылды даңқты спортшы.
Белдесулер екі салмақ дәрежесінде 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақта өтті. Кілемге шыққан жұмысшы-спортшылар күрес ережесіне сай шалу, тіресу, ашадан алу сияқты әдіс-тәсілдерді шебер қолданып, көрерменнің делебесін қоздырды.
Жарысқа қатысушылардың арасында кәсіби спортты өндіріспен ұштастырып жүргендер де аз емес. Солардың бірі — «Западный» руднигінің №67 шахтасында жол өндіруші болып істейтін, «Қазақстан барысының» 2023 және 2024 жылдардағы қатысушысы Ерасыл Нұғұмат.
— Бұл турнирге алғаш рет қатысып тұрмын. «Қазақмыс барысы» шынымен де үлкен дүбірмен өтуде. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Алғашқы белдесуім сәтті өтті, қарсыласымды жеңдім. Енді алдағы кезеңдерге де тыңғылықты дайындалып, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамын, — дейді ол.
Жарыстың бас төрешісі Берік Деңгелбаев та доданың өте жоғары деңгейде өтіп жатқанын ерекше атап өтті:
— Жарыс өте керемет әсермен, нағыз көтеріңкі көңіл-күймен өтуде. Тек спорттық бәсеке емес, үлкен той сияқты. Кәсіпорын жұмысшыларына да, жиналған көрерменге де өте тамаша, қуанышты атмосфера сыйлап жатырмыз, — деді бас төреші.
Екі күнге созылған бұл дүбірлі додаға «Қазақмыс» тобына қарасты кәсіпорындардан 200-ге жуық қызметкер келіп, 13 команда өзара мықтыны анықтады. Спорт сайыстарына қарастырылған жалпы жүлде қоры да қомақты — 7 миллион теңгені құрады. «Қазақмыс барысы» атанған жеңімпазға чемпиондық белбеу мен қомақты сыйлық үздік спортшыларды марапаттау рәсімінде табыс етілді
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ

