Балқаш қаласында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС және «Мэйкер» ЖШС құрамындағы өндіріс ошақтарының еңбеккерлері арасында қазақша күреске ынталылардың «Смэлтинг Барысы» додасы өтті. Көгілдір Балқаш көлінің жағасында дүркіреп өткен балуандар бәсекесінің бас жүлдесіне сәйгүлік тігілді. 50-ден аса балуан боз кілемде белдесіп, «Смэлтинг Барысы», «КЛМЗ Барысы» атағын алуға ұмтылды.
Балуандардың қазақша күрестегі бабын байқауға спорт саңлағы, Лондон олимпиадасының чемпионы, боксшы Серік Сәпиев арнайы келді. «Мэйкер» ЖШС қарасты Қарағанды құю-машина жасау зауытының ұжымы үшін балуандар бәсекесі таңсық емес. Бұл ұжымда жарыс биыл бесінші мәрте өтіп отыр. Металлургтер арасындағы алғашқы бәсеке оң нәтижесін көрсетті.
Сонымен, қазақ күресінен өткен турнирде «КЛМЗ Барысы – 2024» атағын Сержан Қоспанов жеңіп алса, «Смэлтинг Барысы – 2024» атағы Балқаш мыс балқыту зауыты мысты электролиздеу цехының еңбеккері Берік Амангелдіге лайық деп танылды. Сонымен қатар, аталған екі титул бойынша ІІ, ІІІ орындар берілді.
Қарағанды құю-машина жасау және Балқаш мыс балқыту, Жезқазған мыс қорыту зауыттары металлургтерінің арасында өткен бәсеке спорт мамандарының жоғары бағасына ие болды. Осы турнирді ұйымдастыруға себепкер болған «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов екенін атап өткен жөн.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.