Бүгін қытай елінде Қысқы Олимпиада ойындары басталады. Бұл – спорт тойы, нағыз сайыпқырандардың сайысы. Ал оның Жезқазғанға не қатысы бар? Иә, қатысы бар. Ендігі әңгіме өзегі осындай дүбірлі додада еліміздің даңқын шығаратын болашақ олимпиадашыларды даярлап отырған тәрбие ошағы туралы.
Жезқазған қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінде бүгінгі таңда 1200-ге жуық шәкірт бар. Олар «Ұлытау» спорт сарайында, «Металлург» стадионында және Есенберлин көшесінде бокс залында жаттығады. Бұл спорт кешендері 2013 жылдан бері осы мектепте тәрбиеленетін балалар мен жасөспірімдердің бірыңғай игілігіне берілген.
Бұл ғимараттардан бір топ баланы қаздың балапандарындай шүпірлетіп ертіп бара жатқан жаттырықшыларды көресіз. Әлі буыны да қатпаған шынашақтай балалардан қайтіп чемпион шығарады екен деп таңдана қарайсыз. Залдарға кірсеңіз сол жұдырықтай балалардың жаттығу сәтіндегі шымыр қимылына тәнті боласыз. Көздерінде от бар. Ол өзі жанымен қалайтын спорт түріне деген қызығушылықтың көрінісі. Оларға тынымсыз жаттығуға шындап берілген еңбекқорлық тән, намысты қолдан бермес өжеттік тән.
Шәкірттерінің жеткен жетістігі – мектеп мақтанышы. Осы тәрбие ұясының оқушылары бір емес, бірнеше спорт түрі бойынша, атап айтқанда, баскетбол, бокс, еркін күрес, самбо, дзюдо бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамына кірген. Жаттықтырушылар шәкірттерінің осындай ауыз толтыра айтарлық табыстарын мақтан тұтады. Дәл бүгінгі таңда еліміздің құрама командасында жезқазғандық екі оқушы бар. Ал еліміздің жастар құрама командалары санатында баскетбол бойынша – 2, самбо бойынша – 2, бокс бойынша – 1, еркін күрес бойынша – 1, сондай-ақ еліміздің жасөспірімдер құрама командаларында баскетбол бойынша – 1, дзюдо бойынша – 2, еркін күрес бойынша – 1, самбо бойынша 1 оқушысы спорт сайыстарына қатысып жүр. Жезқазғандық жас спортшылар дзюдо, бокс, баскетбол, еркін күрес бойынша жасақталған облыс құрама командаларында көптеп саналады.
Мамандандырылған спорт мектебінің тәрбиеленушілері самбо, бокс және баскетбол бойынша өткен Халықаралық жарыстардың, республика чемпионаттарының жеңімпаздары және жүлдегерлері. Соның ішіндегі ең атақтыларын ғана атап айтар болсақ, 2018 жылы Кувейт Республикасында 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында бокс бойынша өткен Азия чемпионатында спорт шебері Дамир Байпақов үшінші орынды жеңіп алды. Ал Жандос Бейсембаев 2019 жылы Үндістанда самбо бойынша жастар арасында өткен Халықаралық жарыста үшінші орыннан көрінді. 2018 жылы 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен Иран Республикасында өткен Азия чемпионатында спорт шебері Еламан Амангелді үшінші орынды иеленді. Өткен жылы Төлеу Қайроллаев пен Аман Еламан әскери самбодан жастар арасында Тараз қаласында өткен республика біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрініп, спорт шебері атағын орындады. Ал 58 оқушы – спорт шеберлігіне үміткер.
Әрине шәкірттерінің жетістігі – жаттықтырушылардың еңбек жемісі. Спорт мектебінде 29 оқытушы бар. Олардың барлығы жоғары білімді мамандар. Спорттық атақтарына келсек, Ғалымжан Искаков, Нұрлы Сағынтай, Думан Хасенов, Данияр Сәрсенбаев және Қайрат Исаев – спорт шеберлері, ал Әлібек Жүрінов, Нұржан Ерғали, Елдос Қайсар және Айдос Бисенов – спорт шеберлігіне үміткерлер. Мектепте 8 спорт секциясы жұмыс істейді.
– Қаладағы балалар арасында спортпен әуестенушілердің көптігі бізді қуантады. Мектептермен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Бапкер-оқытушыларымыз білім ұяларында «Ашық есік» күнін өткізіп, жиі барып тұрады. Балауса спортшыларымыздың бейімі мен қабілетін ұштаудағы ізденісіміз болашақта да жемісін беретініне сенімдіміз. Шәкірттеріміздің ортасынан болашақ олимпиадашылар шықса екен деп армандайтынымызды жасыра алмас едік, – деп ағынан жарылды әңгіме барысында мамандандырылған спорт мектебінің директоры Дархан Айтуар.
Әрине, қазірдің өзінде халықаралық және республикалық дүбірлі сайыстарда топ жарып жүрген жас жезқазғандықтар арасынан болашақта спорт саңлақтары өсіп шығары анық.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ