Кез-келген адамның өмірінде білім алып, еңбек етіп, отбасылы болу, ұрпақ өрбіту – басты арманы. Отбасын құрып, екі жарты бір бүтін болып, бақытты ғұмыр кешу шаңырақтағы шаттықтың кепілі. Екіжасәртүрліжағдайдатанысып, шаңырақтіктепжатады. Біздің кейіпкерлеріміз еңбек жолында танысып, табысқан жандар.
Жезқазған жылу-электр орталығында еңбек ететін қазандық цехының бас машинисі Манас Қадыров пен химия цехының зертханашысы Сымбат Диханбаева жақында шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басты.
Жас шаңырақтың иелері сезім күші табыстырған сәттен бастап, бір-біріне өмірлік серік болуға уағдаласты. Жарасымды жұп бір кәсіпорында еңбек ете жүріп, бір-біріне қолдау көрсетіп келеді.
Жақында Манас пен Сымбаттың отау құрған шаттықты тойына Жезқазған жылу, электр орталығындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Марат Қошанов кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақ атынан құттықтап, жас жұбайларға ақ тілегін жолдады.
Жас отаудың отағасы:
– Өмірлік жар болар серігімді осы еңбек етіп жүрген жерімде тапқаныма қуаныштымын. Адам өмірге бір рет келетіндіктен отбасылық өмірде мәңгілік жар болар адамды қателеспей таңдау керек деп білемін. Сымбат екеуміздің бір-бірімізге деген сыйластығымыз бен ортақ тіл табыса білетін қасиеттеріміз ұштасып, шаңырақ көтердік. Осындай қуанышты сәттер әр қазақ шаңырағында бола берсін. Еңбектің арқасында табыс тауып қана қоймай, отбасылы болу бақыты бұйырғанының өзі бір бақыт, – дейді.
Манас Қадыровтің энергетика саласына келгеніне он жыл. Өз ісін жетік меңгерген ол ұжым мақтанышы. Сымбат Диханбаеваның бұл кәсіпорында еңбек еткеніне екі жыл. Біз де жас жұбайларды құттықтап, отбастарына шаттық-береке, еңбектеріне табыс тілейміз. Көтерген шаңырақтың іші нәресте күлкісіне толсын!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.