Аптаның басында Ұлытау аудандық мәслихатының кезекті сессиясы болды. Оның жұмысына аудан әкімі Аманжол Мырзабеков қатысты. Сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов жүргізді.
Мандат иелері басқосқан жиында ауданның 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті, елді мекендердің жерін аймақтарға бөлу жобалары, бағалау аймақтарының шекараларын анықтау және жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзетулер енгізу, сондай-ақ «Ұлытау ауданының әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекіту, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау» мәселелері талқыланды.
Сессияның күн тәртібіне сәйкес, «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин хабарлама жасап, бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндіріп өтті.
Одан кейін мәслихаттың күн тәртібіндегі мәселелер кезегімен қаралып, депутаттардың дауысқа салу қорытындысымен тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия соңында аудан әкімі биылғы жылы ауданымызда бірқатар игі істердің атқарылғанын айтып, аудан депутаттарына алғысын білдіріп, алдағы уақытта да бірігіп жұмыс жасауға шақырды.
Ай НУРИ; Ізтай БЕЛГІБАЙ.