Біздің аймақта да бір ғасырдың куәсі болған қарттарымыз баршылық. Рәш Искакова – сондай жасқа жеткен қарттың бірі. Сәтбаев қаласында тұратын Рәш Тоқбергенқызы 7 маусымда 100 жасқа толды.
Қасиетті Ұлытау бөктерінде дүние есігін ашқан Рәш әжейдің жастық шағы түрлі қиын-қыстау кезеңдерге тап келді. Ұлы Отан соғысы жылдарында ауылдың ерлер атқаратын ауыр жұмысына араласты. Шөп шапты, қырқым, егін жинау сынды шаруалардан қашпады. Өмірінде көрген бейнет қарт әжені қандай жағдай болсын мойымай көтере білуге шыңдады.
Тағдыр 1955 жылы Рәш Тоқбергенқызын Раушан Шәймерденұлы Искаковпен тоғыстырды. Өмірге 5 бала әкеліп, қатарға қосты. Олардан бүгінде 15 немере, 16 шөбере сүйіп отыр. 1976 жылы Сәтбаев қаласына қоныс аударғаннан кейінгі еңбек жолы зейнет жасына жеткенше кеншілер шаһарындағы жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнында өтті.
Бір ғасырдың куәгері атанған қарт анаға қазақы дәстүрге сай құрмет көрсеткен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өкілдері, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина ыстық ықыластарын білдіріп, 100 жасымен құттықтады. Қарт әже өзіне деген ілтипатқа көңілі толып, бір марқайып қалды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.