Балқашта III аймақтық «JasSkills Kazakhmys 2025» чемпионаты мәресіне жетті. Оған Балқаштан және Ақтоғай ауданынан келген тоғызыншы сыныптың 182 оқушысы қатысты.
Финалға 43 оқушы өтті. Олар алты бағыт бойынша шеберліктерін көрсетті: дәнекерлеу ісі, электромонтаж, слесарьлық-жөндеу жұмыстары, металлургия, құю ісі және кен байыту. Жарыс оқушыларға жұмысшы мамандықтарын тереңірек түсінуге және болашақтағы мансап жолын саналы түрде таңдауға мүмкіндік берді.
Чемпионат қорытындысында финалға өткен 18 қатысушы жүлделі орындарға ие болды. Олар диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды, ал алты жеңімпаз білім грантын жеңіп алды. №8 мектептің оқушысы Айбат Саят, № 17 мектеп-лицейдің оқушысы Данил Шевцов, № 15 мектеп-лицейдің оқушысы Иманәлі Жартыбай, № 2 мектептің оқушысы Әмірәли Аманжолов, № 16 мектептің оқушысы Ерасыл Қуаныш және № 1 мектептің оқушысы Матвей Кузнецов «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжінде кәсіби білім алып, компанияға жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара аясында Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде «Жұмысшы мамандықтар фестивалі» өтті. Қатысушылар «Қазақмыстың» өндірістік алаңдарында қолданылатын заманауи жабдықтардың жұмысын көзбен көрді. Колледж студенттері мен түлектері өз мамандықтары мен корпорацияда жұмыс істеудің перспективалары туралы айтты.
«Қазақмыс» болашақ мамандарды дамытуға белсенді түрде инвестиция сала отырып, талантты жастарды қолдайды және ел экономикасы үшін кадр даярлауға ықпал етеді.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС
PR департаменті.